
Жақында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында, Алматы қаласының әкімшілік шекаралары шегінде орналасқан Үлкен Алматы шатқалында қар барысы автожолға жақын жерде маралды аулап ұстаған. Аталған аумақ халық жиі демалатын орын болғандықтан, жемтігін жеп жатқан жыртқышты адамдар тез байқап үлгерген. Ақпарат әлеуметтік желілерде лезде тарап, келесі күні бұл жерге келушілер саны арта түскен.
Ұлттық парк қызметкерлері мен ғалымдардың түсіндіргеніне қарамастан, көпадам жабайы аңға тым жақын дрон ұшырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жүріс-тұрыс қағидаларын бұзған. Көпшілік оның Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін түр екенін және өз олжасын қорғап тұрған әлеуетті қауіпті жыртқыш екенін ескермеді. Мұндай әрекеттер жануар үшін айтарлықтай күйзеліс тудырып, адамдардың қауіпсіздігіне де қатер келтірді.
Қар барысын қорғау және ықтимал жағымсыз салдардың алдын алу мақсатында мамандар оны уақытша аулау туралы шешім қабылдады. Жануарға спутниктік қарғыбау орнатылып, денсаулық жағдайын бағалау және мүмкін болатын ауруларды жоққа шығару үшін қажетті биоматериалдар алынды. Барлық рәсімдер қысқа мерзімді наркоз жағдайында, халықаралық ветеринариялық және этикалық стандарттарды қатаң сақтай отырып, кәсіби мамандар тобы тарапынан жүргізілді. Спутниктік қарғыбау Зоология институтының мамандарының, Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркі қызметкерлерінің, Алматы зообағының және «Snow Leopard Foundation» қоры сарапшыларының қатысуымен орнатылды.
Спутниктік қарғыбау мынадай мүмкіндіктер береді:
Алматы қаласы сияқты ірі елді мекенге жақын аумақта қар барысының қозғалысын бақылау;
жануар қауіпті аймаққа жақындаған жағдайда жедел әрекет ету;
адам мен жабайы табиғат арасындағы қақтығыстардың алдын алу;
сирек кездесетін жыртқышты қосымша қорғау.
Айта кету керек, орнатылған қарғыбау төтенше жағдай анықталған жағдайда қашықтан ажырату функциясымен жабдықталған. Сонымен қатар, автоматты түрде босау механизмі бар: бір–екі жыл ішінде қарғыбау жануардан өздігінен ажырайды.
Зертханалық талдау нәтижелері бойынша қар барысының толықтай сау екені және ешқандай ауруға шалдықпағаны анықталды. Қазіргі уақытта жыртқыш аталған аумақтан қауіпсіз түрде кетіп, өзіне тән табиғи қозғалысын жалғастыруда. Дегенмен, бұл оқиғаға деген қызығушылық әлі де сақталуда. Осыған байланысты баршаңызды таулы аймақтарда белгіленген ережелерді сақтауға, жабайы табиғатты құрметтеуге және адам қауіпсіздігі мен сирек кездесетін түрлерді сақтау әрқайсымыздың жауапкершілігімізге тікелей байланысты екенін ұмытпауға шақырамыз.
В Атырау -10