
«Бақсай» каналында түсірілген бейнежазбада заңға қайшы балық аулау әрекеті көрсетіліп, ол соңында құс етінен дайындалған дәмді асқа ұласқан.
Бұл жағдайға Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы түсініктеме берді. Инспекцияның ресми өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, бейнежазбада қармаққа шабақтарды жем ретінде қолдану фактісі анықталған.
Мұндай әрекет ҚР «Жануарлар дүниесін қорғау, көбейту және пайдалану туралы» заңындағы 39-баптың 4-тармағы, 6-тармақшасына сәйкес тыйым салынған. Бұл үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 1-бөлігі бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған, яғни 43 250 теңге.
Инспекция Қазақстанда рұқсат етілген жем түрлерін еске салды: жануар тектес — құрттар, шатырқанат, дернәсілдер, кейбір балық түрлеріне арналған шөп; өсімдік тектес — нан, қамыр, ботқа, дән.
Ал шабақтарды, уылдырықты және сирек жәндіктерді жем ретінде қолдануға қатаң тыйым салынған. Бұл шектеулер шабақтарды сақтап, популяция санын тұрақтандыру үшін енгізілген.
Ведомство 2025 жылғы көктемгі тасқыннан кейін Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Бұл шара барысында бөлініп қалған және балық қырылу қаупі бар су айдындарынан шабақтарды құтқару жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде 43,3 миллионнан астам тұқымдас балық шабақтары, оның ішінде мөңке шабақтары да сақтап қалынды.
Инспекция заң бұзушылықтар тек рейдтер барысында ғана емес, ашық қолжетімді бейнежазбалар арқылы да тіркелетінін баса айтты.
Айта кетейік, бейнежазбада құс етін дайындау процесі де көрсетілген, алайда оның қайдан алынғаны белгісіз. Қазіргі уақытта су құстары мен аңдарға аңшылық жасауға тыйым салынған, тек қоян аулауға рұқсат етіледі.
Стримерге айыппұл салынғаны туралы ақпарат хабарланған жоқ.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -10