
Атырау тұрғыны «Қазақтелеком» кеңсесіне барып, ID TV мен қалалық телефоннан бас тартып, тек интернетті қалдыруды сұраған. Ешқандай қарызы болмаған. Алайда оның орнына оған қызметтен бас тартқаны үшін 30 мың теңгедей төлеу керектігі айтылған.
Компания қызметкерінің айтуынша, бұл сома келесі айдың шотына қосылады.
Әйелдің сөзінше, ол келісімшарт мерзімі аяқталды деп ойлаған. Бірақ тариф ұосымша хабарланбай, автоматты түрде ұзартылғаны белгілі болды. Қызметтің бір бөлігінен бас тарту қосымша шығынға әкелетінін ол тек кеңсеге барған кезде ғана білген.
Ол өз оқиғасын әлеуметтік желіде жариялап, «неге қажетсіз қызметтен бас тартқаны үшін ақша төлеуім керек?» деген сұрақ қояды. Талқылауларға қарағанда, мұндай шағымдар бұрын да болған: адамдар жекелеген сервистерді өшіруге келгенде ғана қосымша төлемдер туралы білген.
«Ақ Жайық» редакциясы жағдайды түсіндіру үшін «Қазақтелеком» АҚ-на ресми сауал жолдады.
Неге бас тарту ақылы болған?
Компания түсіндіргендей, бұл - айыппұл емес, қайта есептеу. Жауапта былай делінген:
«Келісімшартта “айыппұл” деген ұғым қарастырылмаған. Абоненттің бастамасымен мерзімді тарифті уақытынан бұрын тоқтатқан жағдайда ол мерзімді тариф бойынша төленген абоненттік төлем мен мерзімсіз ұқсас қызмет пакеті құны арасындағы айырмашылықты өтеуге міндетті».
Яғни, абонент жеңілдікпен қосылған тарифті белгіленген мерзімнен бұрын тоқтатса, оған өткен кезең үшін әдеттегі баға бойынша қайта есептеу жасалады. Сол айырмашылықты төлеу ұсынылады.
«Қазақтелеком» мұндай қайта есептеу барлық жағдайда қолданылмайтынын да атап өтті. Егер қызмет сапасыз көрсетілсе, абонент басқа мекенжайға көшіп, жаңа жерде қосылу мүмкін болмаса немесе келісімшарт басқа тұлғаға рәсімделсе, қайта есептеу жасалмайды.
Компанияның айтуынша, тариф мерзімі аяқталғаны туралы абонентке алдын ала SMS жіберіледі. Ал келісімшарт шарттарының өзгерісі жеке хабарланбайды: жаңа редакция оператордың сайтында және БАҚ-та жарияланады. Қызметті әрі қарай пайдалану мен төлем жасау жаңартылған шарттармен келісім ретінде қабылданады.
Компания өткен жылы осы секілді қанша шағым түскені туралы ақпаратты бермеді, себебі ол ішкі деректерге жататынын айтты.
Қызметтен бас тарту таңдау емес, абонентке соңғы сәтте ғана хабарланатын баға мәселесіне айналды.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау -10