
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қарындасы Әнипа Назарбаеваға қатысы бар компания елдегі ең ірі салық борышкерлерінің қатарына кірді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады.
Комитет мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «GROUP OF THE COMPANIES TDA» ЖШС-нің салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер бойынша берешегі 92,3 млрд теңгені құраған. Компания өзін банкрот деп тану туралы сотқа талап-арыз берген, іс қазір сотта қаралып жатыр.
Аталған ЖШС ең ірі салық борышкерлерінің топ-5 «анти-рейтингінде» үшінші орында тұр:
- Ai-To Progress ЖШС – 111,6 млрд теңге;
- Alpha-bet (Альфа-Бэт) ЖШС – 95,1 млрд теңге;
- GROUP OF THE COMPANIES TDA ЖШС – 92,3 млрд теңге;
- "OLIMP KZ" букмекерлік кеңсесі ЖШС – 85,6 млрд теңге;
- GB Invest ЖШС – 47,2 млрд теңге.
Бұған дейін, 2025 жылғы шілдеде компания Қытайдан тауарды заңсыз әкеліп, салық төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп танылған.
Тергеу барысында бюджетке 643 млн теңге ерікті түрде қайтарылып, миллиардтаған теңгеге тауарлар мен мүлікке тыйым салынғаны хабарланған. Сот үкімімен іс фигуранттары түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылып, мүліктері тәркіленген.
eGov.kz порталының мәліметі бойынша, Group of the Companies TDA ЖШС 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Құрылтайшылары — Әнипа Назарбаева мен Әли Қылышбаев.
В Атырау -10