Атырау, 30 қаңтар 21:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 503.17
€ 600.89
₽ 6.63

"Қашағанның" үздіксіз жұмысы үшін лай шөгіндіні тазарту өте маңызды

71 рет қаралды

Биыл Қашаған кен орны аймағының теңіз навигациялық жолдары учаскесіндегі су түбіне жиналған шөгінділер тазартылмақ. Мұнда 2021-2022 жылдары теңіз түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл туралы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясы «Қашаған кен орны нысандарын жайластыру. Теңіз кешені. Жөндеу мақсатындағы тереңдету» жобасын таныстыру барысында мәлімдеді.

Қоғамдық тыңдау шеңберінде Солтүстік Каспий жобасының операторы – NCOC компаниясы жоспарланып отырған теңіз түбін тазарту жұмыстары туралы көпшілікке егжей-тегжейлі ақпарат ұсынып, қатысушылар тарапынан қойылған ең өзекті сауалдарға жауап берді.

Мамандардың айтуынша, уақытылы жүргізілген тазарту жұмыстары үзіліссіз теңіз көлік логистикасын қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие. Қажетті навигациялық тереңдікті жеткілікті деңгейде ұстап тұрмаса, елеулі эксплуатациялық кедергілерге әкеп соқтырып, Қашаған кен орнындағы теңіз операцияларының жалпы қызметіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Қоғамдық тыңдау барысында жоба аясында теңіз түбіндегі шөгінділердің минималды көлемін (1 051 756 м3) алып тастап, кемелердің кен орнына қауіпсіз өтуі үшін 2,90 метр су бағанын қамтамасыз ету жоспарланып отырғаны мәлімделді. Алынған шөгінділер су асты бермаларына орналастырылмақ. Экожүйеге нұқсан келмеуі үшін мамандар қоршаған ортаға әсері төмен заманауи гидравликалық құрал-жабдықтарды, атап айтқанда, жылжымалы батырмалы сорғы мен фрезерлік балшық сорғыш кемені пайдаланады.

Айта кетейік, NCOC инженерлік-техникалық модельдерді қолдана отырып, сондай-ақ жүйелі түрде батиметриялық іздестіру жұмыстарын жүргізу арқылы Қашаған аймағында теңіз түбінің батпақтануын болдырмау үшін тұрақты мониторинг пен болжам жасап отырады. Бұдан бөлек, 2021 жылғы тереңдету жұмыстарынан бастап мониторинг қыстан өзге барлық кезеңде жүргізіледі. 2023 жылдан бері теңіз түбін тереңдетуді аяқтаған соң, биоталар мен су шөгінділерін қалпына келтіруді бағалауға бағытталған қосымша мониторинг те жүргізіліп келеді.

Мамандар кейінгі жеті жылдағы теңіз суы мен түбіндегі шөгінділерді зерттеу қорытындылары бұл аймақтың физикалық-химиялық параметрлері теңіз су жәндіктері үшін тиімді шекті межеге сәйкес екенін дәлелдегенін айтады. Орташа лайлылық көрсеткіші теңіз түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген учаскеге тікелей жақын жерде ғана байқалған, шектеулі сипатқа ие болып, қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі құжаттамада бекітілген деңгейден аспаған.

Навигациялық жолдар бойындағы фитопланктон мен зоопланктонның саны табиғи түрде өзгеріп тұратыны белгілі. 2019 жылдан 2025 жылға дейінгі мониторингтік бақылаулар нәтижесіне зер салсақ, теңіз түбін тереңдету жұмыстарынан кейін планктон ағзаларының биомассасы қалпына келіп қана қоймай, орташа мәннен де асып түскен. Сонымен қатар қоғамдық тыңдауда су түбін мекен ететін жәндіктердің саны мен сапасы да қалпына келгені мәлімделді. Ихтиофауна, құстар мен итбалықтар да қатары су түбін тереңдету жұмыстарына дейінгі көлемге жуықтап келеді.

Жалпы, навигациялық жолдар бойындағы теңіз биотасының жағдайы Солтүстік Каспийде теңіз деңгейінің төмендеуімен байланысты болып жатқан экожүйе үдерістерінің негізгі көрінісін беріп отыр. Бұны көпжылғы бақылау мәліметтері де растайды. Дегенмен анықталған өзгерістер көбінесе аймақтық сипатқа ие, ал тереңдету жұмыстарының жергілікті әсері шешуші фактор емес.

 

 

 

Бүгін, 20:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.