Атырау, 30 қаңтар 16:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 503.17
€ 600.89
₽ 6.63

Президент: Конституция комиссиясына прогрессивті ұсыныстар түсті

59 рет қаралды

Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссияның жұмысы аясында ауқымды конституциялық реформаның негізін қалайтын мәні бойынша көптеген прогрессивті және инновациялық ұсыныстар түскенін мәлімдеді.

Халықтан келіп түскен ұсыныстарды жүйелеп, жинақтау үшін Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына барлық аймақтың өкілдері мен түрлі санаттағы азаматтар, халық қалаулылары, орталық атқарушы органдардың басшылары, құқықтанушы ғалымдар, тіл мамандары және белсенді жастар кірді. 

Президенттің айтуынша, қоғам өкілдерін қамту ауқымы, кәсібилік мен азаматтық жауапкершілік тұрғысынан алғанда, мұндай комиссия елімізде бұрын-соңды болмаған деп сеніммен айтуға болады. 

Тоқаев айтқандай, комиссия жұмысы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін берді. Осыған дейін Комиссияның 5 отырысы өтті. Оның бәрі әлеуметтік желіде тікелей эфирден көрсетіліп, ақпарат құралдары арқылы кеңінен таратылды. 

"Мен талқылау барысын мұқият қадағалап отырмын. Осы орайда, Ата Заңымызға қатысты көптеген прогрессивті, инновациялық ұсыныс берілді деп сеніммен айта аламын. Түптеп келгенде мұның бәрі еліміздің Ата Заңына негіз болады, - деп атап өтті президент.

Бұл әлемде қалыптасқан қазіргі күрделі кезеңде біртұтас Қазақстан халқына бағыт сілтейтін маңызды құжатқа айналады деп сенемін.

Конституция, бұл – кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темірқазығы. Конституцияны бәріміз білуіміз керек, бағалауымыз қажет. Сондықтан егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін.

Тағы бір айта кететін маңызды жайт: Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтитын болады. Кешегі отырыстағы пікірталаста Комиссия мүшелері «Ата Заңға енгізілетін өзгерістер ауқымына қарасақ, жаңа Конституция қабылдауымыз керек» деген байлам жасады. Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты.

Ата Заңымызда жарқын болашаққа нық қадам басқан бүгінгі Қазақстанның тұғыры әбден бекіген мемлекет ретіндегі идеалдары, қағидаттары мен басымдықтары көрініс табады. Әрине, қолданыстағы Ата Заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосты. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан былтырғы 30 тамызда Конституцияның 30 жылдығын кеңінен атап өттік.

Комиссия мүшелері ұсынған заңнамалық ережелерде адам құқықтары бәрінен жоғары тұратыны және адам капиталы ең қымбат құндылық екені айқын көрсетілген. Сондай-ақ әр азаматтың өз әлеуетін іске асыруға теңдей мүмкіндік беретін әділ қоғам құруды көздейді. Ғылым-білім, инновация салаларын дамытудың маңызына ерекше назар аударылып отыр. Жаңа тарихи кезеңде еліміздің цифрлық дәуірге бейімделуі жеткіліксіз. Жасанды интеллект және басқа да озық технологиялар біздің қоғамға қызмет етуі қажет. Сондықтан даму көшінің бағытын нақты айқындауымыз керек. Ата заңымызда адамгершілік құндылықтарды ерекшелеп, бөлек жазу ұсынылды. Бұл да – өте маңызды. Басқаша айтқанда, адам жасанды интеллектіге қызмет етпейді, керісінше, адамзаттың ақыл-ойынан туындаған жасанды интеллект тұрмыс-тіршіліктің барлық саласында толайым табысқа жетуі үшін азаматтарға көмектеседі.

Конституцияда гуманитарлық құндылықтарды қалыптастыру маңызды деп санаймын. Атап айтқанда, жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуға, табиғатты аялауға басымдық беру жөнінде сөз қозғап отырмыз. Бұл мәселе бүгінгі баяндамашылардың сөзінде қамтылды. Идеяларыңызды қолдаймын. Сонымен қатар бай мәдени мұрамызды сақтауға, дәріптеуге бағытталған волонтерлеріміздің қызметін де қуаттаймын. Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміздің дамуын жаңа әрі сапалы деңгейге көтереді. Бүкіл мемлекеттік жүйені қайта құрып, билік пен қоғамның ықпалдастығын жетілдіре түседі. Ұсынылған түзетулердің ішінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық туралы идея бар. 

"Патриотизм – құр ұран емес. Бұл қасиетті ұғымға жауапкершілікпен қараған абзал", - деді Президент. 

Бүгін, 15:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.