
36 жастағы Миннесота штатының тұрғыны Марк Андерсон Нью-Йорктегі федералды түрмеге келіп, өзін ФБР агенті ретінде таныстырды және Луиджи Манджонені босату туралы сот қаулысы бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BBC News Русская служба.
Бруклиндегі Metropolitan Detention Center қызметкерлері құжаттарды көрсетуді талап еткенде, Андерсон Миннесота штатының жүргізуші куәлігін көрсетіп, қарулы екенін айтты. Тінту барысында оның жанынан барбекюге арналған шанышқы мен пицца пышағына ұқсайтын дөңгелек болат жүз табылды. Полиция Андерсонды дереу қамауға алды.
UnitedHealthcare медициналық сақтандыру компаниясының басшысы Брайан Томпсон 2024 жылдың 4 желтоқсанында Манхэттеннің орталығында, Таймс-сквер мен Орталық саябақ маңында оққа ұшқан болатын. Алты күннен кейін Луиджи Манджоне ұсталып, оған айып тағылды. Ол өзін кінәлі деп мойындаған жоқ және 2024 жылдан бері Бруклин түрмесінде қамауда отыр.

Томпсонның өлімі АҚШ қоғамында үлкен резонанс тудырып, медициналық қызметтің қымбаттығы мен қолжетімсіздігі туралы қызу пікірталасқа себеп болды. Көптеген америкалықтар сақтандыру компанияларының табысы өсіп жатқанымен, емделуге төлем жасаудан бас тарту жағдайлары жиілеп кеткеніне ашулы.
Манджоне ұсталғаннан бері интернетте де, сот отырыстарында да оны қолдаушылардың қатары көбейді. Кейбіреулер сақтандыру компаниясының басшысының өлімін әділеттілік ретінде қабылдағанын жасырмады.
Манджонеге қасақана кісі өлтіру бойынша айып штат деңгейінде де, федералды деңгейде де тағылды. Нью-Йорк штатында өлім жазасы жоқ болғандықтан, штат деңгейіндегі айып оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Ал федералды деңгейде бұл қылмыс үшін өлім жазасы көзделген, және айыптау тарабы ең жоғарғы жазаға сұрау салатынын мәлімдеді.
Манджоне ісі бойынша алқабилерді іріктеу қыркүйек айына жоспарланған.
В Атырау -10