
АҚШ президенті Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздікке Кубадан төнген «қатерге» байланысты елде төтенше жағдай режимін енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды INTERFAX.
«Мен Кубаға қатысты жағдайды АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатына төтенше әрі ерекше қатер деп санаймын (…) және осыған байланысты ұлттық төтенше жағдай жариялаймын», — делінген Ақ үй жариялаған жарлық мәтінінде.
Трамптың айтуынша, кубалық режим «бірқатар дұшпан елдермен» — Ресей, Қытай және Иранмен, сондай-ақ «трансұлттық террористік топтармен және АҚШ-қа қарсы бағытталған зиянды субъектілермен» ынтымақтастық орнатып отыр.
«Бұл жарлықта жарияланған елдегі төтенше жағдайға қарсы тұру үшін тарифтік жүйе енгізу қажет әрі орынды деп санаймын», — делінген құжатта.
Жарлыққа сәйкес, Кубаға тікелей немесе жанама түрде мұнай жеткізетін шетелдік мемлекеттердің өнімдерінен қосымша адвалорлық баж салығы алынуы ұсынылады.
Сауда министрлігіне Кубаға мұнай жеткізуі мүмкін елдерді анықтау тапсырылды. Кейін әкімшіліктің жоғары лауазымды тұлғалары қандай қосымша тариф енгізілетінін белгілейтін болады.
«Егер Куба үкіметі немесе осы жарлыққа қатысты басқа мемлекет елдегі төтенше жағдай мәселесін шешу үшін елеулі қадамдар жасаса және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатындағы ұстанымдарын жеткілікті деңгейде қолдаса, мен бұл жарлықты өзгертуім мүмкін», — делінген Трамптың құжатында.
28 қаңтарда Трамп Кубаның Венесуэладан мұнай жеткізілімінің тоқтауына байланысты күйреу алдында тұрғанын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, Гавана бұған дейін Венесуэладан ақша мен мұнай алып келген, алайда қазір одан айырылды.
В Атырау -10