
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері әскери кафедраға оқуға түсуге өтінішті eGov.kz порталы арқылы толық онлайн форматта бере алады.
Құжат тапсырудың жаңа тәртібі офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламаларына конкурсқа қатысу процесін жеңілдетіп, еліміздің барлық өңіріндегі студенттер үшін оны ашық әрі қолжетімді етеді.
Әскери кафедрада оқу студенттерге негізгі біліммен қатар қосымша кәсіби даярлықтан өтуге мүмкіндік береді. Оқу курсын аяқтағаннан кейін түлектерге «запастағы лейтенант» немесе «запастағы кіші сержант» әскери атағы беріледі.
Портал арқылы өтінішті күндізгі бөлімде оқитын бакалавриат студенттері тапсыра алады. Өтініштерді қабылдау 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
«Бұрын студенттер құжаттарды тікелей жоғары оқу орындарында қағаз түрінде тапсыруға мәжбүр болатын. Біз азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдету және офлайн жүгінуді азайту үшін сұранысқа ие қызметтерді кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіруді жалғастырып келеміз. Әскери кафедраларға онлайн өтініш қабылдау – осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.
Өтініш берудің жаңа форматы тек ыңғайлылықты арттырып қана қоймай, тексеру процестерін де автоматтандыруға мүмкіндік береді. Өтінім жіберілер алдында жүйе үміткер туралы психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлері бойынша, сондай-ақ мүгедектігінің және соттылығының бар-жоғына қатысты мәліметтерді автоматты түрде тексереді. Жеке басын куәландыратын деректер мен білім туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден пайдаланушының қатысуынсыз алынады. Байланыс телефоны Мобильді азаматтар базасында (МАБ) тіркелген болса, автоматты түрде толтырылады, ал болмаған жағдайда қолмен енгізіледі.
Өтінішті қарау мерзімі оны тапсырған сәттен бастап бес жұмыс күніне дейінгі уақытты құрайды. Өтініштің қаралу нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады. Оң шешім қабылданған жағдайда өтініш берушіге уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған электрондық құжат ұсынылады. Бас тартылған жағдайда себептері көрсетілген дәлелді хабарлама жіберіледі.
В Атырау -10