
Қытайда Мьянма аумағында әрекет еткен «Мин отбасы» атты қылмыстық топтың 11 мүшесіне қатысты өлім жазасы жүзеге асырылды. Бұл туралы «Синьхуа» агенттігі хабарлады.
2025 жылдың қыркүйегінде Чжэцзян провинциясының Вэньчжоу қалалық соты топтың 16 мүшесін өлім жазасына кескен болатын (оның бесеуіне үкімді орындау кейінге қалдырылған). Олар қасақана кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, заңсыз бостандықтан айыру, алаяқтық және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру баптары бойынша айыпталған.
Апелляцияны қараған Чжэцзян провинциясының Жоғарғы халық соты үкімді күшінде қалдырып, істі Қытайдың Жоғарғы халық сотына жіберді. Жоғарғы сот «Мин отбасы» 2015 жылдан бастап Мьянмадағы Коканг аймағында телефон арқылы алаяқтық жасау, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру және басқа да қылмыстар үшін көптеген базалар құрғанын растады.
Сот дерегінше, қылмыстық желі алаяқтық пен ойын бизнесіне 10 млрд юаньнан (шамамен 1,4 млрд АҚШ доллары) астам қаржы жұмсаған. Сонымен қатар топ 14 адамның өліміне, тағы екі адамның жарақат алуына, заңсыз ұстап тұру мен шабуылдарға жауапты деп танылды.
Жоғарғы соттың шешімінен кейін Вэньчжоу соты 11 адамға қатысты өлім жазасын орындады.
Топтың жетекшісі Мин Сешан — Шан штаты парламентінің бұрынғы мүшесі және Коканг басшылық комитетінің өкілі — 2023 жылы қытай полициясы ұстағаннан кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Оның әкесі Мин Гопин мен қызы Мин Цзиньцзин де өлім жазасына кесілгендердің қатарында.
Соңғы жылдары Қытайдың Юньнань провинциясы мен Мьянманың Шан штаты арасындағы шекаралық аймақ қытай азаматтарына бағытталған телефон және интернет алаяқтық желілерінің орталығына айналған.
Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі 2023 жылдың шілдесінде мұндай топтарға қарсы ауқымды операция бастаған. 2024 жылдың желтоқсанына дейін Мьянмадан Қытайға 53 мыңнан астам адам экстрадицияланып, сотқа тартылды.
В Атырау -10