
Жыл басынан бері азық-түлік бағасының қымбаттауы қала тұрғындары арасында ең көп талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Саудагерлер бағаның өсуін салықтық жүктеменің артуымен, соның ішінде қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуімен байланыстырады. Ал кейбір дүкендер көбінесе қолма-қол ақшамен төлем қабылдағанды жөн көреді.
Осы тұрғыда мектеп оқушыларының ата-аналары 2026 жылдың қаңтарынан бастап мектеп асханаларындағы тамақ бағасы өзгеретіні туралы хабарлама алған. Мектеп әкімшілігі бұл шешімді азық-түлік нарығындағы бағаның өсуімен және ҚҚС мөлшерлемесінің артуымен түсіндірді. Бұған қоса, бағаның көтерілуі шикізаттың қымбаттауымен, коммуналдық қызмет пен тасымалдау шығындарының өсуімен, сондай-ақ санитарлық талаптарға сай сапалы әрі қауіпсіз тамақтануды қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты екенін айтып отыр.
«Бұл өзгерістер мектеп асханасында балаларға сапалы, үйлестірілген әрі қауіпсіз тағам ұсынуды жалғастыру үшін жасалып отыр. Асхана жұмысы бұрынғыдай санитарлық нормалар мен белгіленген талаптарға толық сәйкес жүргізіледі.
Түсіністік танытады деп үміттенеміз. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда мектеп әкімшілігіне хабарласуыңызға болады», — делінген мектеп әкімшілігінің хабарламасында.
«Ақ Жайық» Атыраудағы негізгі азық-түлік бағаларын қарап шыққан еді.
24 қаңтарда «Марко» ЖШС дүкенінде мынадай бағалар белгіленген:
Сары май (82%) — 1 кг үшін 3576 теңге, 400 г үшін 4361 теңге. Қант — 1 кг үшін 439 теңге. Қант-рафинад «Кубаночка» — 1 кг үшін 1133 теңге, 500 г үшін 623 теңге. Сүт «Белогорье» (3,2%) — шамамен 1 литрі 615 теңге. Сүт «Айналайын» (3,2%) — 899 теңге.
Жұмыртқа С1 — 10 дана 598 теңге, С0 — 609 теңге, кей жерде 655 теңге. Ақ нан — 117 теңге, қара нан — 258 теңге.
Күнбағыс майы «Олейна» (тазартылмаған) — 1 литрі 1083 теңге, 2 литрі 2167 теңге, 5 литрі 5240 теңге. Май «Beles» (тазартылған, 1 литр) — 841 теңге.
«Марко» дүкенінде ет өнімдері болмағандықтан, бағаларды «Халил-ұста» дүкенінен қарадық,
Бұл дүкенде қазының бағасы 1 килограмына 5500 теңге болды. Әдетте бір қазының салмағы 2–3 килограмм немесе одан да көп болады. Сиыр еті 5600 теңге, жамбас еті (кругляк) — 4900 теңге, сиыр төсі — 4550 теңге, жауырын мен мойын — 4800 теңге, төстік пен қабырға — 4100 теңге, сирақ — 4400 теңге болды.
Қой еті де айтарлықтай қымбаттаған. Сан еті мен төс — 4500 теңге, жауырын — 4300 теңге, қабырға — 4000 теңге, мойын — 4500 теңге тұрды.
Қала тұрғындары тартылған еттің де қымбаттағанын айтады. Мәселен, Авангард ықшамауданындағы бір ет дүкенінде өткен жылы фарштың бағасы килограмына 4000 теңге болса, биыл 4300 теңгеге дейін өскен.
Бір тұрғын өткен аптада «Дина» базарында қазы етін 3600 теңгеден алғанын айтты.
Ал «Ескі базарда» бағалар қолжетімдірек. Өткен сенбіде онда жылқы еті мен сиыр еті 3000–4000 теңге аралығында сатылған. Құс етінің келісі 3500–4000 теңге, күркетауық — 4000–4500 теңге, қаз — шамамен 4000 теңге.
Үй жұмыртқасы — 100 теңге/дана. Табиғи сиыр сүті — литрі 500–600 теңге. Сатып алушылардың айтуынша, мұндай өнім тетрапакеттегі сүттен арзанырақ. Табиғи қаймақ — 4000–5000 теңге/кг, сары май — 5000–6000 теңге/кг.
Қала тұрғындары азық-түлік бағасының өсуін әртүрлі қабылдағанымен, көпшілігі қымбаттау барлық негізгі тауарларға әсер еткенін айтады. Өткен жылмен салыстырғанда сіздің шығындарыңыз қаншалықты өзгергенін пікірлерде талқылауға болады.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау -10 








