
Атырау қаласының әкімдігі 2019 жылдан бері қызмет көрсетіп келген Smart Qala компаниясынан бас тартып, жолақы карталары жүйесін Onay платформасына көшіруді ұйғарды. Бұл шешімнің себебін әкімдік нақты түсіндірген жоқ.
Ал операторды ауыстыру процесі қазірдің өзінде түрлі қауесеттермен, мектеп оқушыларының деректерін жинаумен және басқа бизнестің мүддесін қолдау айыптауларымен қатар жүріп жатыр. Осыған байланысты тұрғындарда: «неге жүздеген мың қала тұрғыны қолданып жүрген жүйені ауыстыру қажет болды және неге бұл ашық түсіндірілмей жасалуда?» деген сұрақ туындап отыр.
Smart Qala компаниясы әкімдіктің шешімі қала тұрғындарына кері әсерін тигізетінін мәлімдеді. Олардың дерегінше, жүйені 280 мыңнан астам клиент пайдаланады, ал қазір «жаңа» деп ұсынылып отырған барлық функция Smart Qala-да бұрыннан бар және тұрақты жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар Smart Qala тек Атырауда ғана емес, Астана мен Батыс Қазақстан өңірлерін қоса алғанда, Қазақстанның 21 қаласында қызмет көрсетеді. Салыстыру үшін, әкімдіктің дерегінше, Onay тек сегіз қалада жұмыс істейді.
Smart Qala өкілдері басқа кәсіпкердің мүддесін қолдау ықтималдығын да атап өтті.
«Мердігерді ауыстырудың объективті себептері бізге айтылған жоқ. Мұның бәрі басқа компанияның мүддесін алға жылжытуға ұқсайды», — деді Smart Qala директорының орынбасары Ләззат Досмағамбетова.
Операторды ауыстыру туралы хабарланғаннан кейін әлеуметтік желілерде Smart Qala жабылады деген қауесет тарады. Компания бұл ақпаратты жоққа шығарып, жұмыс жалғасып жатқанын, ал кеңсе уақытша көшуге байланысты жабылғанын түсіндірді.
Тағы бір мәселе — Onay жүйесі Атырауда ресми түрде іске қосылмағанына қарамастан, мектептерде оқушылардың жеке деректерін жинау басталып кеткен.
Редакция қала әкімдігіне түсініктеме сұрап жүгінді. Әкімнің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген бұрынғы жүйенің мүмкіндіктерімен толық сәйкес келетін жаңа жүйенің артықшылықтарын ғана атап өтті.
«Жолақы құны сақталады. Жүйе жолаушылар мен тасымалдаушылар үшін басқару мен бақылаудың тиімді құралдарын ұсынады», — деп хабарлады әкімдік.
Ал мердігерді ауыстыру себебі туралы нақты сұраққа әкімдік жауап бермей, «тиімді төлем жүйелеріне басымдық беру» деген жалпылама тұжырыммен шектелді.
Smart Qala компаниясы әкімдіктің шешімін даулауға ниетті екенін және Монополияға қарсы департаментке шағым дайындап жатқанын мәлімдеді.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -10