
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейі химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусованы жоғары халықаралық жетістікке жетуімен құттықтады.
Татьяна Белоусова Global Teacher Prize халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемдегі ең үздік 50 педагогтің қатарына енген ұстаз. Бұл жоғары баға – өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру ісіне сіңірген ұзақ жылғы еңбектің жемісі екенін атап өтті президент.
Біздің мақсатымыз – зияткер ұлтқа айналу. Сондықтан мемлекет әрдайым мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, оларды жан-жақты қолдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Татьяна Белоусова — химия пәнінің мұғалімі, педагог-шебер, «Қазақстанның үздік ұстазы – 2024» құрметті атағының иегері. Оның кандидатурасы сауалнама мен қосымша материалдарды тапсырудан бастап, сараптамалық бағалау және финалдық іріктеуге дейінгі көпсатылы кезеңнен өтті.
Әлемнің ең үздік 50 мұғалімінің ресми тізімі 2025 жылы 15 желтоқсанда Global Teacher Prize ресми сайтында жарияланды. Финалистерді марапаттау рәсімі 2026 жылғы 1-5 ақпан аралығында Дубайда халықаралық білім беру форумы аясында өтеді.
Айта кетейік, Қазақстан Global Teacher Prize байқауына бесінші рет қатысып отыр. Осы уақытқа дейін ел өкілдері, биылғы іріктеуді қосқанда, үш мәрте әлемнің үздік 50 педагогінің қатарына енген.
В Атырау -10