
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде бензин өндірісі, авиациялық жанармайды қоса алғанда, 6 млн тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш бір жылда 9%-ға өсіп отыр. 2015 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі екі еседен астам артқан. Мұндай нәтижеге мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту ықпал етті, деп хабарлайды energyprom.kz..
2018–2019 жылдардағы күрт өсімнен кейін сала біршама тұрақты қарқынға көшкен еді. Алайда 2025 жылы өндіріс қайта жанданып, соңғы алты жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.
Өндіріс орталықтары
Жанармай өндірісі негізінен үш өңірде шоғырланған. Шымкент басты орталық болып қалып отыр — шамамен 2,3 млн тонна, яғни жалпы көлемнің үштен бірінен астамы осы қалаға тиесілі.
Қосымша өсімге мұнай ағындарының қайта бөлінуі әсер етті. Каспий құбыр консорциумындағы уақытша шектеулер мен дрон шабуылдарынан кейін Қашаған кен орнындағы мұнайдың бір бөлігі ішкі нарыққа бағытталып, Шымкент мұнай өңдеу зауытына жеткізілді.
Импорт азайды, экспорт артты
Еліміздің мұнай өңдеу зауыттары ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында бензин өндірісі 5,4 млн тоннаны құрады. Импорт көлемі статистикалық тұрғыда елеусіз деңгейге дейін қысқарды.
Экспорт 6,5 есе өсіп, 206,4 мың тоннаға жетті. Дегенмен абсолюттік көрсеткіш әлі де орташа деңгейде. Ішкі нарықтағы сатылым 5,8%-ға артып, 5,2 млн тоннаны құрады.
Баға өсімі
Өндіріс көлемінің артуына қарамастан, 2025 жылдың желтоқсанында бензин бағасы бір жылда 15,7%-ға қымбаттады. Бұл соңғы бес жылдағы ең жоғары өсім. Салыстыру үшін: 2024 жылы баға небәрі 0,8%-ға ғана көтерілген еді.
Ең көп қымбаттау Павлодар облысында тіркелді — 19,8%. Ал ең төмен өсім Батыс Қазақстан (11,9%), Атырау (13,4%) және Ақтөбе (13,5%) облыстарында байқалды.
Орташа бағалар (желтоқсан 2025):
- АИ-92 — 235 теңге/литр
- АИ-95 — 298 теңге/литр
- АИ-98 — 325 теңге/литр
Энергетика министрлігі не дейді
Қазақстан Энергетика министрлігі жанармай бағасына қатысты мораторийдің әлі де күшінде екенін еске салды. Атап айтқанда, АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 2025 жылдың қазан айынан бастап бекітіліп, 2026 жылдың наурызына дейін өзгеріссіз сақталады. Ал АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің құнын мемлекет реттемейді, олардың бағасы нарықтағы жағдайға байланысты қалыптасады.
2025 жылдың желтоқсанында еліміздің батыс аймақтарында жанармайдың ең арзан бағасы тіркелді. АИ-92 маркалы бензин:
- Атырауда — 219 теңге,
- Оралда — 223 теңге,
- Ақтөбеде — 224 теңге.

АИ-95 ең төмен бағада Ақтөбеде сатылды — 275 теңге, ал АИ-98 ең арзан Ақтауда болды — 296 теңге. Ең жоғары бағалар Алматы, Жезқазған, Қонаев, Павлодар және Семей қалаларында байқалды.

Қазақстан Энергетика министрлігі 2027 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жанармай бағасын кезең-кезеңімен бір деңгейге келтіру жоспарланып отырғанын хабарлады. Сонымен бірге, қазіргі таңда Қазақстан ЕАЭО елдері арасында ең арзан бензинге ие мемлекет болып қала береді.
В Атырау -10