
Бүгінде еліміздің «мұнайлы астанасы» атанып кеткен Атырау өңірі бұрын балық шаруашылығымен әлемге әйгілі болғанын қазіргі ұрпақ біле ме екен? Сол кезде терең теңіз түбінен су маржандарын сүзген балықшылар судың сырын бес саусағындай білген су психологтары ма дерсің! Жағалаудағы ауыл тұрғындары үшін балық аулау – ермек те емес, хобби де емес, отбасын асырайтын негізгі кәсіп болатын.
Қазір Қиғаш балықшыларының жағдайы қиындап отыр. Өзеннің тайыздануы, балықтың азаюы және маусымдық шектеулер кәсіпке тікелей әсер етуде. Өзен арнасын тереңдету сияқты шаралар жасалғанымен, Құрманғазы ауданындағы көп отбасы үшін балық аулау әлі күнге дейін жалғыз табыс көзі болып отыр.
Қазіргі жағдайда балықшылар қалай өмір сүріп жатқанын және неліктен әлі күнге дейін суға шығатынын «Ақ Жайық» редакциясына қырық жылға жуық тәжірибесі бар, 70 жастағы байырғы балықшы Халиолла Ахметов айтып берді.
Қарапайым қосшыдан балықшылыққа дейін
Бір қызығы, сонау сексенінші жылдары қайыққа қонған ол әлі де болса одан түспеген... Нақтылап айтар болсақ, кейіпкеріміз 1984 жылдан бері әлі күнге дейін балық аулаумен айналысып келеді. 1999 жылы «Каспийбалық» өндірістік кооперативі құрылған кезде Халиолла Ахметов звено жетекшісі болды. Ендеше, бір жұмысты жарты ғасырға жуық уақыт жасау жалықтырып жібермей ме?
«Мен ешқашан өз кәсібімнен жалыққан емеспін. Себебі, сол арқылы адал ас жеп, балаларымды аяққа тұрғыздым, әлі де отбасымды асырап келемін. Кезінде ағам да балық аулаған, мен соның жолын қудым десем болады. Ол кісі «Қызыл таң» кеңшарында звено жетекшісі болды. О баста мен құрылыс саласында еңбек еткен болатынмын. Дәлірек айтсам, «ПМК-29» деген мекеме болды, сонда звено жетекшісі болдым. Содан азаматтық борышымды атқару үшін әскерге кеттім. Елге оралған соң, Атырауда тікұшақ зауытында жұмыс жасадым. Ал, 1984 жылы шаңырақ көтеріп, отбасын құрдым. Жанұя болған соң, табыс табу мақсатында балықшылыққа ауысып кеттім», - дейді Халиолла ағамыз.
Алдымен Халиолла аға қосшы болған, кейін төрт жылдан соң звено жетекшісіне дейін көтерілген. Өндірістік кооператив құрамында әлі де осы орында жұмыс істеп келеді.
Маусымдық жұмыс және тіршілік ырғағы
Егде жасына қарамастан балықшы балық аулауға шығуын жалғастырып келеді. Оның айтуынша, бұл тек әдет қана емес, кәсіптің табиғатына да байланысты.
«Балық аулау үздіксіз кәсіп емес қой. Мәселен, мен қысқы мезгілде демаламын. Ал, жазда малға құрақ шабамын. Яғни, балықты тек науқан кезінде – көктем мен күзде ғана аулаймын», - дейді кейіпкеріміз.
Айтпақшы, балықтың жүретін өз уақыты болады екен. Таңғы сағат 8 бен 12 аралығында және күндізгі сағат үш пен таңға жақын жақсы түседі. Ал, ауды күндіз емес, кешкі іңірде, тіпті, қажет болса түнде тарту керек. Міне, бұл – байырғы балықшының жас буынға берер кеңесі.
Аулаумен бірге қорғай да білу керек
Балықшының айтуынша, өткен мен бүгіннің айырмашылығы барған сайын айқынырақ сезіледі.
«Бұрынғы уақытта балық көп болды ғой. Тонналап балық ауладық десем, қазір ешкім сене қоймас. Көзбен көрмеген соң, кім сенсін? Соның арқасында үй тұрғызып, бала-шағамызды жетілдірдік», - деп еске алады ол.
Бүгінде, балықшылардың айтуынша, тек қордың азаюынан емес, өзеннің күйінен де жағдай өзгерген. Қиғаштың таяздануы балықтың қозғалысы мен уылдырық шашуына әсер етіп, соның салдарынан аулау көлеміне ықпал етеді.
«Біреулер мұны су маржанын құрту деп түсінеді. Бірақ, ақ адал термен нан тапқанда тұрған не бар? Балық та Құдайдың адамзат үшін жаратқан несібесі деп білемін. Ең бастысы, заңмен аулау керек және мөлшерін білген жөн», - дейді ағамыз.
Иә, рас, бекіренің бел кеспесі бүгінде тісімізге емес, түсімізге кіретін болды. Бұрын Қиғаш бойында еркін жүзетін бекіретұқымдас балықтарды енді тек қызыл кітаптан ғана табасыз...
«Балықты аулаумен бірге оны қорғай да білу керек. Айталық, ауға «қызық балық» түсіп қалса, дереу босатып жіберген дұрыс. Ал, өлі болса, тиісті орынға тапсырылуы тиіс. Балық аулайтын адамдарға келсек, бірі ермек үшін, яғни, қызық көріп аулайды. Ал, енді бірі үшін бұл – отбасын асырайтын жалғыз табыс көзі болып табылады. Қалай болғанда да, өз еңбегіңмен балық аулап, соны бала-шағаңа қуырып берсең, адал ас емес пе?» - дейді балықшы.
Әкеден – балаға
Сөйткен Халиолла Ахметов бүгінде тек әріптестері үшін ғана емес, бүкіл аудан жұрты үшін үлгі тұтар азаматтардың біріне айналған десек, артық айтқандығымыз емес. Өйткені, зейнет жасынан әлдеқашан асып кеткен ағамыз әлі де қиын жұмыстан қашпай, жастарға ерен еңбек үлгісін көрсетіп келеді.
«Халиолланы мен мектеп кезінен бері жақсы танимын. Оның әкесі Смағұл Ахметов деген кісі Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1999 жылы «Каспийбалық» өндірістік кооперативі құрылған кезде Халиолла звено жетекшісі болды. Айтқым келгені, ол өте еңбекқор жан. Талай рет үздік балықшы атанды. Өз балаларын да осы кәсіпке баулыды. Әлі есімде, күн қатты суыған кезде балықшы біткеннің бәрі үйлеріне қайтып оралатын. Бірақ, Халиолла емес! Ол мұз айдынында қалып жұмысын жалғастыра беретін. Демек, балық аулау кез келген адамның бағына бұйыра бермейді. Оған зор табандылық пен мол төзімділік керек», - дейді әріптесі Тілекқабыл Қамидоллаұлы.
Баласы демекші, ағамыздың ұлы да қазір әкесі секілді звено жетекшісі болып еңбек етеді. Ол сегізінші сыныпты аяқтаған соң, әкесінің ізін қуып балықшылыққа бас сұғыпты.
«Менің балам да қазір балық аулап өз отбасын асырап жүр. Қазірде менің қасымда 200 шақты балықшы бар. Бәрі де осы кәсіптен нәсібін тауып жүрген жандар», - деген бөлісті тәжірибелі балықшы.
...Кейіпкеріміз тағы да мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, еш ойланбастан осы кәсіпті қайта таңдар еді. Өйткені, балық аулағанды оның жаны сүйеді. Ол, тіпті, жалығу мен шаршау дегеннің не екенін де білмейді. Керісінше, жұмыстан қол үзіп қалса, ауырып қалады. Ендеше, қармағыңыз қарымды болғай, балықшы ағай!
Әділет ҚАНАТҰЛЫ
Х. Ахметовтің мұрағатынан алынған суреттер
В Атырау -10 



