
АҚШ-қа соққан қуатты қысқы дауыл елді әбігерге салды: кемінде жеті адам қаза тауып, 800 мыңнан астам үй жарықсыз қалды, деп хабарлайды BBC News Русская служба.
Луизианада екі адам суықтан көз жұмса, Техас, Теннесси және Канзаста да өлім жағдайлары тіркелді. Нью-Йоркте мэр кемінде бес адамның қаза болғанын хабарлады.
Ұлттық метеоқызметтің дерегінше, қарлы боран мен мұзды жаңбыр Огайо аңғарынан АҚШ-тың солтүстік-шығысына дейін елдің кең аумағын қамтыды. Мыңдаған әуе рейстері тоқтатылып, мектептер мен жолдар жабылды. FlightAware порталының мәліметінше, 11 мыңнан астам рейс кейінге қалдырылды. Poweroutage.us сайты жексенбі күні түстен кейін 800 мыңнан астам үй жарықсыз қалғанын көрсетті.
Қауіптің ауқымын ескере отырып, елдің 24 штаты төтенше жағдай режимін енгізді. Сенат жоспарланған дауыс беруді кейінге қалдырды, ал Вашингтон мэрі Мюриэл Боузер «бұл соңғы он жылдағы ең күшті қарлы боран» екенін айтты. Солтүстік штаттар мұндай суыққа үйренгенімен, Техас, Луизиана және Теннесси үшін температураның 15–20 градусқа төмендеуі ерекше жағдай саналады. Бұл аймақтарда мұз қабатының қалыңдығы 2,5 см-ге дейін жетуі мүмкін.
Метеорологтар апаттың себебін Арктикадан келген полярлық құйынмен байланыстырады. Әдетте Арктикада қалыптасатын суық ауа массасы биыл оңтүстікке қарай ығысып, жылы аймақтармен түйісіп, күшті боранға айналды. Шторм қазір солтүстік пен шығысқа қарай жылжып барады, бірақ артында одан да қатты суық қалдырады. Қауіпті төмен температуралар ақпан айының басына дейін сақталуы мүмкін.
Климат мамандары мұндай құбылыстардың жиілеуін жаһандық жылынумен байланыстырады: мұхит бетінің температурасы мен Арктика мен орта ендіктер арасындағы айырмашылықтың азаюы атмосфералық циркуляцияны өзгертеді. Бұл полярлық құйынның жиі «үзіліп», суық ауаны оңтүстікке қарай ығыстыруына ықпал етуі мүмкін.
В Атырау -10