
Қазақстан Республикасында Нипах вирусын жұқтыру, сондай-ақ оны ел аумағына әкелу жағдайлары тіркелген жоқ.
Қазіргі уақытта елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауда, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, профилактика мақсатында және Үндістандағы Нипах вирусы бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік шекара арқылы барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті. Үндістаннан және ауру тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдерінен келген адамдарға ерекше назар аударылады. Осы инфекция бойынша қолайсыз елдердің тізбесі тұрақты негізде қайта қаралады және жаңартылады.
Қазақстандағы медициналық ұйымдар инфекцияны әкелу мүмкін болған жағдайда дайындыққа келтірілді. Шұғыл медициналық көмек және инфекциялық стационарлар бригадаларының дайындығы қамтамасыз етілді, дәрілік заттардың, жеке қорғану құралдарының және дезинфекциялау құралдарының азайтылмайтын қорлары қалыптастырылды.
Инфекцияның таралуының профилактикасы мақсатында эндемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтарға жеке профилактика шараларын сақтау және қайтып келгеннен кейін аурудың белгілері пайда болған кезде дәрігерге болу елі туралы хабарлай отырып, дереу медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.
Нипах вирусы зооноздық инфекцияларға жатады және адамдарға жануарлардан, соның ішінде жарқанаттар мен шошқалардан, сондай-ақ жұқтырған адаммен тығыз байланыста болады. Ластанған тағамдар мен сусындар арқылы берілуі мүмкін. Ауру жоғары температурамен, бас ауруымен, жалпы әлсіздікпен, ал ауыр жағдайларда орталық нерв жүйесінің зақымдалуымен және пневмонияның дамуымен бірге жүруі мүмкін. Бүгінде Нипах вирусына қарсы арнайы емдеу және мақұлданған вакцина жоқ, медициналық көмек симптоматикалық болып табылады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Нипах вирусы қауіпі жоғары патогендерге жатады. Ауру кезінде өлім-жітім деңгейі 40-тан 75 пайызға дейін жетеді. 2026 жылдың қаңтарында Үндістанда инфекцияның жаңадан өршіген жағдайы тіркелді: БАҚ мәліметтері бойынша, кемінде бес адам жұқтырған, бір науқас көз жұмды. Керала және Батыс Бенгалия штаттарында карантин шаралары енгізіліп, науқаспен байланыста болып, жұқтыруы мүмкін деген адамдар оқшауланды.
Мамандар бұл дерт жергілікті бір жерде өршігеніне қарамастан, Нипах вирусының инкубациялық кезеңі ұзақ болуына (14 күнге дейін жетуі мүмкін) және халықтың тығыз мобильділігіне байланысты жоғары пандемиялық әлеуетке ие екенін атап өтті.
В Атырау -10