
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Астана қаласында «ExxonMobil» компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен кездесті.
Тараптар геологиялық барлау, мұнай тасымалдау және өндіріске инновациялық технологияларды енгізу бағыттарындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.
Бүгінде компаниялар арасында қол қойылған құпиялылық туралы келісім аясында ExxonMobil Қазақстандағы перспективті геологиялық барлау учаскелерін егжей-тегжейлі зерттеп жатыр.
— Барлау және өндіру саласында жер қойнауы учаскелерінің әлеуетін анықтау үшін терең сараптама жүргізу аса маңызды. Ресурстық базаны толықтыру стратегиясы аясында ҚМГ ExxonMobil-ді еліміздегі жобаларды іске асыруда сенімді серіктес ретінде қарастырады. Қазіргі уақытта компаниялар барлық негізгі бағыт бойынша нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Өзара тиімді ынтымақтастық алдағы уақытта одан әрі нығая түсетініне сенімдімін, — деді А.Хасенов.
Сонымен қатар тараптар Қазақстан мұнайын тасымалдаудың қосымша экспорттық бағыттарын дамыту жөніндегі мәселелерді талқылады.
Бұдан бөлек, кездесуде ҚМГ мен ExxonMobil арасында 2025 жылы қол қойылған Мұнай-газ секторында жаңа технологиялар бағытындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асырудың алдағы жоспарлары қаралды.
В Атырау -10