
Қалада бұралқы иттер мәселесі қайтадан ушығып отыр. Тұрғындар аула мен мектеп маңында, балалар алаңдарында топ болып жүрген иттерге шағымдануда. Олардың айтуынша, жылдың соңында аулау жұмыстары тоқтап қалғаннан кейін жағдай күрт нашарлаған.
Қала тұрғындары түнгі уақытта үздіксіз үрген иттердің мазаны қашыратынын, балалардың қауіпсіздігіне қатты алаңдайтынын айтып отыр. Жауапты органдардан нақты түсініктеме ала алмаған тұрғындар мәселенің шешілмей отырғанына наразы. Қала тұрғындарының сөзінше, қаңғыбас иттер қоқыс контейнерлерінің маңында және адамдар көп жиналатын орындарда жиі көріне бастаған.
Атырау қаласы әкімдігі 2025 жылы қаңғыбас жануарларды аулау мен санын реттеуге 129,1 млн теңге бөлінгенін, бірақ бұл қаражат толық игерілгенін хабарлады. Соған байланысты мердігер ұйыммен жасалған келісімшарттың мерзімі аяқталған.
«Жақын арада жаңа келісімшарт жасалып, одан кейін аулау жұмыстары қайта басталады. Сонымен қатар, ақылы мамандандырылған қызметтерді тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр», – деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Ресми дерек бойынша, өткен жылы қалада 9 335 қаңғыбас ит ауланған. Оның ішінде 8 912-і қауіпті деп танылып, тұрғындардың өтініштері мен мамандардың қорытындысына сәйкес жойылған.
Дегенмен, тұрғындар аулау жұмыстарының уақытша тоқтауы иттердің шабуылдарының көбеюіне және санитарлық жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін деп қауіптенеді. Әсіресе қыс мезгілінде жануарлар азық іздеп, агрессивті бола түседі.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -10