
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Түркияның мемлекеттік мұнай компаниясы Turkish Petroleum Corporation (TPAO) басшысы Джем Ердеммен кездесу өткізді.
Әңгіме барысында геологиялық барлау, көмірсутектерді өндіру және инвестиция тарту бағыттарындағы серіктестікті кеңейту мәселелері қаралды.
2025 жылдың маусымында ҚМГ мен ТРАО арасында құпиялылық туралы келісім жасалған болатын. Осы уақыттан бері тараптар ақпарат алмасу, барлау жобаларын зерттеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұған қоса, ТРАО мамандарына Қазақстандағы перспективті учаскелер бойынша техникалық деректер ұсынылып, арнайы сессиялар ұйымдастырылды.
Түрік серіктестері талдау нәтижесінде Солтүстік Каспийдегі «Үлкен Жамбыл» оффшорлық жобасына қызығушылық танытты. Қазіргі таңда ТРАО осы учаске бойынша техникалық-экономикалық бағалау жүргізуде.
Асхат Хасенов ҚМГ бұл жобаны нақты іске асыру кезеңіне өтуге дайын екенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар негізгі бағыттар бойынша серіктестікті нығайтуға өзара мүдделілік білдірді.
Анықтама: 1954 жылы құрылған TPAO – Түркияның барлау, өндіру, өңдеу және сатумен айналысатын интеграцияланған мемлекеттік мұнай компаниясы. Қара теңіз бен шығыс аймақтарда көмірсутек өндірісін арттыруға бағытталған ауқымды бағдарламалары бар. Сонымен қатар, компания Әзербайжан, Алжир және Солтүстік Кипр қайраңындағы жобаларға қатысады. ТРАО-ның жеке сейсмикалық және бұрғылау кемелері бар.
В Атырау -10