
АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан (ДДҰ) шығу процесі ресми түрде аяқталды, деп хабарлайды АА.
АҚШ-тың Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрлігі (HHS) хабарлағандай, президент Дональд Трамптың шешімінен кейін бір жыл өткен соң елдің ұйымдағы 78 жылдық мүшелігі тоқтатылды.
Мәлімдемеде АҚШ-тың ДДҰ-ға барлық қаржылық жарналары толық тоқтатылғаны және ұйым құрылымдарында жұмыс істеген америкалық қызметкерлердің кері шақырылғаны айтылды.
ДДҰ деректеріне сәйкес, АҚШ-тың ұйым алдындағы қарызы 130 миллион доллардан асады. Америкалық ресми тұлғалар да шығу процесі «толық әрі қиындықсыз» болмағанын мойындады.
Мамандар АҚШ-тың шығуы елді маңызды медициналық деректерден, соның ішінде басқа мемлекеттердегі аурулар туралы ерте ескерту жүйелерінен айыруы мүмкін екенін ескертеді.
Джорджтаун университетінің қоғамдық денсаулық сақтау құқығы профессоры Лоуренс Гостин: «Бұл менің өмірімде қабылданған ең зиянды президенттік шешімдердің бірі» – деп атап өтті. Ол АҚШ-тың шығуы пандемияларға қарсы жаһандық күш-жігерді әлсіретіп, америкалық ғалымдар мен фармацевтикалық компаниялардың жаңа вакциналар мен емдеу әдістерін әзірлеу мүмкіндігін шектейтінін айтты.
Ресми деректер бойынша, АҚШ жыл сайын ДДҰ-ға шамамен 111 миллион доллар міндетті жарна және 570 миллион доллар көлемінде ерікті көмек аударып келген.
ДДҰ әлемдік денсаулыққа қауіп төндіретін шешек (mpox), эбола, полиомиелит сияқты ауруларға қарсы халықаралық шараларды үйлестіреді, кедей елдерге техникалық көмек көрсетеді, вакциналар мен дәрілерді бөлуді ұйымдастырады және жүздеген ауру бойынша ұсыныстар жариялайды.
Ұйымға әлемнің дерлік барлық мемлекеттері мүше.
Сарапшылар АҚШ-тың шығуы полиомиелитті жою, аналар мен балалар денсаулығын қорғау және жаңа вирустарды анықтау бойынша жаһандық бағдарламаларға ауыр соққы болуы мүмкін екенін айтады.
Америкалық инфекциялық аурулар қоғамының президенті доктор Рональд Нахасс бұл шешімді «тар өрісті әрі ғылыми тұрғыдан жауапсыз» деп сипаттады.
Президент Дональд Трамп қызметке кіріскеннен кейін көп ұзамай АҚШ-тың ДДҰ-дан шығуын көздейтін жарлыққа қол қойған.
Құжатта себеп ретінде:
- COVID-19 пандемиясымен күрестегі ДДҰ-ның тиімсіздігі,
- Қажетті реформаларды жүргізбеуі,
- Саяси ықпалдан тәуелсіз бола алмауы,
- АҚШ-тан шамадан тыс жоғары қаржылық жарна талап етуі көрсетілген.
Осылайша, АҚШ-тың ДДҰ-дан шығуы ресми түрде аяқталды.
В Атырау -10