Атырау, 23 қаңтар 17:05
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 505.71
€ 591.43
₽ 6.65

​Оңтүстік Кореяда жасанды интеллект қауіпсіздігі туралы заң күшіне енді

126 рет қаралды
Сурет: 018.kz
Сурет: 018.kz

Оңтүстік Кореяда «Жасанды интеллектті дамыту және оған сенім қалыптастыру негіздері туралы негізгі заң» ресми түрде күшіне енді. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.

Аталған құжат жасанды интеллект технологияларының дамуына байланысты туындайтын дезинформация, дипфейк және өзге де ықтимал тәуекелдерге қарсы нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыруға бағытталған.

Елдің Ғылым министрлігінің мәліметінше, үкімет ұлттық деңгейде жасанды интеллектті қолдану бойынша кешенді нұсқаулықтарды бекіткен. Заң жасанды интеллект модельдері арқылы таралатын жалған ақпаратпен күресте компаниялар мен әзірлеушілердің жауапкершілігін күшейтеді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарға тексеру жүргізу және заң талаптарын бұзған жағдайда айыппұл салу өкілеттігі берілген.

Құжатта алғаш рет «жоғары тәуекелді жасанды интеллект» ұғымы енгізілді. Бұл санатқа адамдардың күнделікті өмірі мен қауіпсіздігіне елеулі әсер етуі мүмкін контентті жасайтын ЖИ-модельдер жатады. Олардың қатарына жұмысқа қабылдау, кредиттік скоринг және медициналық кеңес беру салаларында қолданылатын жүйелер кіреді.

Мұндай жоғары тәуекелді жасанды интеллектіні пайдаланатын ұйымдар қызметтің ЖИ негізінде көрсетілетінін пайдаланушыларға міндетті түрде хабарлауы және қауіпсіздікке жауап беруі тиіс. Сонымен қатар, жасанды интеллект арқылы жасалған контент арнайы сутаңбамен (watermark) белгіленуі қажет.

Ғылым министрлігінің өкілі ЖИ-контентті таңбалау дипфейк сияқты технологияларды теріс пайдаланудың алдын алуға бағытталған ең төменгі қауіпсіздік шарасы екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Оңтүстік Кореяда жасанды интеллект қызметін көрсететін және төмендегі талаптардың кемінде біріне сай келетін жаһандық компаниялар ел ішінде ресми өкіл тағайындауға міндетті. Атап айтқанда, жылдық жаһандық табысы 1 трлн воннан (шамамен 681 млн АҚШ доллары) асатын, ел ішіндегі сатылымы 10 млрд воннан жоғары немесе тәулігіне кемінде 1 млн белсенді пайдаланушысы бар компаниялар осы талапқа жатады. Қазіргі таңда бұл санатқа OpenAI мен Google кіреді.

Заң талаптарын бұзғаны үшін 30 млн вонға дейін айыппұл қарастырылған. Үкімет жеке секторға жаңа нормаларға бейімделу үшін бір жылдық өтпелі кезең енгізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ құжатта жасанды интеллект индустриясын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары да қамтылған. Ғылым министрі әр үш жыл сайын ЖИ саласы бойынша жаңартылған мемлекеттік жоспар ұсынуға міндетті.

Бүгін, 10:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.