
Әлеуметтік желілерде көпқабатты үйдің кіреберісінен полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері қолына көтеріп алып шыққан қарт әйелдің видеосы қызу талқыланды. Көпшілік оқиғаның мән-жайын түсінуге тырысты.
Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға ресми түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, 20 қаңтар күні таңғы сағат 07:02-де 103 қызметіне науқастың көршісі хабарласып, 70 жастағы азаматша О.-ның жағдайына байланысты жедел жәрдем шақырған.
Оқиға орнына келген бригада әйелдің ауыр психикалық-эмоционалды күйде болғанын және агрессивті әрекет жасағанын тіркеген. Медициналық көмек көрсету кезінде ол фельдшерді теуіп, тағы бірін қолымен ұрған.
Басқарма өкілдері мұндай жағдайда медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін полиция шақыру міндетті екенін атап өтті. Сондықтан фельдшерлер құқық қорғау органдарына жүгінген. Сонымен қатар, науқасты үйде бақылаусыз қалдыруға болмайды деген шешім қабылданған.
Полиция келгенге дейін әйел мазасыз күйде болған. Кейін тәртіп сақшылары зейнеткерді көтеріп, жедел жәрдем көлігіне жеткізген.
Денсаулық сақтау басқармасы подъезде пациентті осылай тасымалдау медициналық тұрғыдан ең қауіпсіз тәсіл деп түсіндірді.
Ал әйелде инсульт болған-болмағаны туралы ақпаратты басқармада хабарламады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау -8