
ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне пойызбен тегін жүру мүмкіндігін іске асыруға арналған кешенді жиын өтті.
Жиын барысында жеке құрамға жаңа әлеуметтік бастаманың мазмұны түсіндіріліп, оны өңірлерде тиімді жүзеге асыру жолдары талқыланды. Іс-шарада 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы барлық күштік құрылымдардың әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері жылына бір рет ел аумағында жолаушылар пойызымен тегін қатынай алатыны туралы нақты ақпарат берілді. Бұл бастама әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың отбасымен бірге сапарлау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Ақпараттандыру барысында "Жолаушылар тасымалы" АҚ тасымалдау экономикасы және есебі департаментінің бас менеджері Айнұр Базарбаева жеңілдік тек Қазақстан ішіндегі бағыттарда қатынайтын жолаушылар пойыздарына қолданылатынын атап өтті. Ол сондай-ақ бұл шығындар "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының қаражаты есебінен өтелетінін түсіндірді. Жиынға қатысқан "Қазақстан темір жолы" АҚ тариф саясаты департаментінің директоры Диас Түсіпбеков әскери қызметшілер қойған сұрақтарға жауап беріп, жеңілдікті пайдалану кезінде туындауы мүмкін техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерге тоқталды.
Іс-шара қорытындысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті. Ол жобаны іске асыру барысында белгіленген талаптарды қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, жаңа әлеуметтік қолдау әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалуын арттыратынын, демалысты алдын ала жоспарлауға және жол шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
В Атырау -7