
Қазақстанда сиыр еті бағасы рекордтық деңгейге жақындап қалды. Сарапшылардың айтуынша, бидай бағасының өсуі мал азығының қымбаттауына ықпал етіп, бұл өз кезегінде еттің нарықтағы құнын көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
2025 жылы фермерлер 20,3 миллион тонна бидай жинағанымен, ішкі нарықтағы бағалар төмендемей, керісінше тұрақты жоғары деңгейде сақталды. Қытайға азықжемдік ұн экспортының қарқынды дамуы қарапайым жемазықты қымбаттатып, малшыларды қиын жағдайға қалдырды. Бұрын арзан болған кебек пен құрама жем екі есеге жуық қымбаттап, мал бағасы да шарықтады.
Жас малдың құны бірнеше есеге өсіп, дүкен сөрелеріндегі сиыр етінің келісі 5–6 мың теңгеге дейін жетті. Үкімет бұл жағдайды «спекуляция» деп бағалап, бұқашық пен сиыр етін экспорттауға шектеулер енгізді. Алайда фермерлер мұндай шаралардан кейін ет комбинаттарының сатып алу бағасы төмендеп кеткенін айтып, наразылық білдіруде.
Мал шаруашылығы шығынға батып, бордақылау алаңдары банкроттық қаупіне тірелді. Осыған байланысты Үкімет 2026 жылдан бастап «Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын» іске қосуға уәде беріп отыр. Жоспарға мал басын көбейту, ет өндірісін арттыру және экспортты кеңейту бағыттары енгізілген.
Шенеуніктер 2030 жылға қарай ет мол болады деп сендіргенімен, әзірге базардағы баға халықтың қалтасын қысып тұр.
В Атырау -8