Атырау, 25 желтоқсан 18:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Арманы асқақ Айдана

5 851 просмотра

Жас прима қобызшысы Айдана ЖАНҒАЛИЕВА сәуірдің 21-і күні Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда «Сырлы әуез» атты жеке концертін берді.

 

Сахнада түймедей ғана қыз қобызды аңыратып отыр. Қасиетті аспаптың шанағынан төгілген зарлы үн тыңдаушысын да, орындаушысын да елітіп әкеткен. Бұл Ахмет Жұбановтың «Ариясы». Өнердің, қазақ үшін қасетті бой тұмардың бірі -қобыздың құдіреті сол-ау, оған тіпті шетелдік саз да тосын емес. Филармония залы ары қарай Луиджи Боккеринидің «Мэнует», Евгений Брусиловскийдің «Алтынай», «Боз Айғыр», Витторио Монтидің «Чардаш», Рейнгольд Глиэрдің «Романс», Ермұрат Үсеновтың «Күзгі әуен» композициялары үніне толды. Ғажап!

Залды сүттей ұйытқан сиқыршы кім? Ол –Айдана Жанғалиева.  Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің халық аспаптар бөлімінің 4-курс студенті. Бұл оның алғашқы жеке шығармашылық кеші еді. 19 жастағы Айдана қобыз аспабының үніне өлердей ғашық екендігін жасырмайды.

- Мені жеті жасымда Төлеғаным Құрманғалиева есімді әпкем қолымнан жетектеп, қаладағы облыстық балалар саз мектебіне апарған еді. Осы жерде көп нәрсені ұстазым Асылзат Мусакаевадан үйрендім. Ал 2007 жылы колледжге қобыз класына оқуға қабылдандым. Ондағы ұстазым – Гүлмира Қуанышбаеваның да берген тәлімі мол. Мені үнемі қолдап жүретін ата-анама, өнер жолына бағыт сілтеген екі ұстазыма да алғысым шексіз, - дейді Айдана.

Айдана қолындағы қобызын оқуға түсердің алдында Алматыда Алексей Першен есімді мықты шебердің тұратынын естіп, соны әдейі іздеп барып, арнайы жасатқан. Шебер қобызды 280 мың теңгеге бағалапты.

- Бұл қобыз жолбарыстың терісінен қапталғандықтан қымбатқа түсті,- дейді жас қобызшы. 

Айдана Жанғалиева түрлі облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға белсене қатысып, лауреат атанып жүр. Ол жақында ғана Алматыдағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткен республикалық олимпидада және 2008 жылы Австрияның Вена қаласында «Бегущая по волнам» атты байқауда 3-орынды иеленді.  

Біз концерт барысында Айдананың колледждегі ұстазы Гүлмира ҚУАНЫШБАЕВАНЫ әңгімеге тарттық.

- Айдана үшін бұл концерт - өнерге үлкен қадам басқандығын білдіреді. Одан бұрын ол колледж ішінде концерт беріп келді. Түрлі байқаулар мен шетелдердегі концерттерге қатысып жүргені мәлім. Ал филармонияда, оның үстіне Дина Нұрпейісова атындағы оркестрдің сүйемелдеуімен концерт беру - өнер адамы үшін үлкен жетістік, абырой болып саналады. Себебі, оркестрмен бірге орындау өте қиын әрі бұл үлкен жауапкершілікті міндеттейді. Оркестрге бітіруші студентке қолдау көрсеткені үшін және филармония директоры Ғаділ Зайнеденұлына көп рахмет!, - дейді Гүлмира Эльбрусқызы. Оған қоса, ол жалпы бітіруші студенттің жеке концерт беруі сирек кездесетінін айтады.  

Біз Айданаға қобыздың үнін алысқа апаратын үлкен өнер иесі болып қалыптасуына тілекшіміз!

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

28 сәуір 2011, 14:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.