Атырау, 20 қаңтар 13:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -14
$ 509.63
€ 592.34
₽ 6.54

Қазақстан шикізаттық емес экспортты жүйелі басқаруға көшті

81 рет қаралды

Қазақстан 2028 жылға қарай күнбағыс майын әлемдегі жетекші үш экспорттаушы елдің қатарына енгізуді және май-тоңмай өнімдерінің экспорт көлемін 1 млрд АҚШ долларынан асыруды көздеп отыр. 

Бұл мақсатқа жету үшін ел жекелеген қолдау шараларынан жүйелі салалық басқару моделіне көшіп, шикізаттан бастап өңдеу, логистика және мақсатты нарыққа дейінгі толық экспорттық тізбектерді қалыптастыруға бағыт алды.

Астанада биылғы шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі Экспорттық штабтың алғашқы отырысы өтті. Жиынға ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков төрағалық етті. Онда агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын дамытуға арналған жаңа тәсілдер және қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығу барысында кездесетін жүйелі кедергілерді жою мәселелері талқыланды.

2025 жылы Экспорттық штабтың жұмысы жаңа форматқа өтті. Бұған дейін талқылаулар жекелеген мәселелер шеңберінде жүргізілсе, өткен жылы QazTrade алаңында бес салалық отырыс ұйымдастырылды. Олар агроөнеркәсіп өнімдеріне, май-тоңмай саласына, астықты қайта өңдеуге, балға, өнеркәсіп және IT өнімдеріне арналды. Нәтижесінде нақты салалардың ерекшеліктеріне негізделген жүйелі шешімдер әзірленді.

Бұл жұмыстың басты нәтижесі — 2026–2028 жылдарға арналған май-тоңмай өнімдері экспортының Жол картасы. Құжат алғаш рет қосылған құнды қалыптастырудың толық тізбегі аясында қарастырылды. Жол картасы аясында еліміздің бірнеше өңірінде майлы дақылдарды өсіретін және өңдейтін 30-дан астам кәсіпорынға диагностика жүргізілді. Жобаға мемлекеттік және жеке сектордан 50-ден астам өкіл тартылып, үш министрліктің өзара іс-қимылы қамтамасыз етілді.

Жол картасында нақты көрсеткіштер белгіленді: өңдеу қуаттарын арттыру, экспорт географиясын кеңейту және 2028 жылға қарай Қазақстанды күнбағыс майының әлемдік жетекші экспорттаушылары қатарына енгізу.

Сонымен қатар отырыста жасымық дақылының экспорттық әлеуеті мысал ретінде қарастырылды. Ол табыстылығы мен климаттық тәуекелдерге төзімділігі бойынша дәстүрлі дәнді дақылдардан асып түсетіні айтылды.

Экспортқа кедергі келтіретін жүйелі мәселелер де талқыланды: теміржол көлігінде жүктерді басымдықпен тасымалдау, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау рәсімдері, қазақстандық компанияларды Қытайдың тізілімдеріне енгізу, шығындарды өтеу және қаржылық қолдау құралдарына қолжетімділік.

«Май-тоңмай өнімдері экспортының Жол картасы саланың стратегиялық дамуына берік негіз қалады. Сонымен бірге май өңдеу зауыттарын ЕАЭО тізіліміне енгізу және карантиндік рәсімдерді жеңілдету қажет», — деді Ұлттық қауымдастық өкілі Ядыкар Ибрагимов.

Айдар Әбілдабеков проблемалық мәселелердің бірыңғай тізілімі жасалғанын атап өтті. Бұл шешілмеген кейстерді министрлік немесе Үкімет деңгейінде қарауға мүмкіндік береді. Экспорттық штаб отырыстары ай сайын, салалық қағидат бойынша өткізілетін болды.

Экспорттық штаб құрылғаннан бері 20-ға жуық отырыс өтті, 2025 жылы Экспорттаушылар форумы ұйымдастырылды. QazTrade экспорттық акселерация бағдарламаларын іске асыруды, сауда миссияларын, көрмелер мен бизнес-форумдарды өткізуді жалғастырып келеді.

2025 жылы өнеркәсіптік-инновациялық қызметтің 109 субъектісіне 6,1 млрд теңге көлемінде шығындар өтелді. Экспорттық-кредиттік агенттік желісі бойынша қаржылық қолдау көлемі 650,9 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 1,9 есе артты. Барлығы 113 экспорттаушыға қолдау көрсетілді, оның ішінде шағын және орта бизнес үлесі – 69%, қайта өңделген өнім үлесі – 87%.

Бүгін, 11:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.