
Молдова Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығымен (ТМД) жасалған негізгі келісімдерді денонсациялау рәсімін бастады. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрі Михай Попшой мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Министрдің айтуынша, үкімет ТМД-дағы мүшелікті айқындайтын үш негізгі құжаттың күшін жою үдерісін қолға алған. Атап айтқанда, ТМД Жарғысы, Достастықты құру туралы келісім және оған қатысты қосымша құжаттар денонсацияланбақ.
«Осы құжаттар күшін жойғаннан кейін Молдова заңды тұрғыда ТМД мүшесі болмайды. Іс жүзінде елдің ұйым жұмысына қатысуы бұған дейін-ақ тоқтатылған», – деді Попшой.
Оның сөзінше, денонсациялау үдерісі үкімет деңгейінде ақпан айының ортасына қарай аяқталып, кейін құжаттар парламент қарауына жіберіледі. Соңғы шешімді президент бекітеді.
Молдованың ТМД-ға қатысты саясаты 2020 жылғы президенттік сайлаудан кейін өзгере бастады. Сол кезде ел басшылығына келген Майя Санду Еуропалық одақпен интеграция бағытын жариялап, ТМД саммиттеріне қатысудан бас тартқан. 2023 жылы үкімет Достастық аясындағы жүздеген келісімді қайта қарап, олардың бір бөлігінен бас тарту жоспарын ұсынған болатын.
Ал елдің бұрынғы президенті, Социалистер партиясының көшбасшысы Игорь Додон бұл шешімді сынға алып, биліктің Ресеймен және ТМД елдерімен қарым-қатынасты үзу саясаты халық мүддесіне қайшы деп мәлімдеді.
Еске салайық, Майя Санду өткен қарашада өткен президенттік сайлауда жеңіске жетіп, екінші мерзімге қайта сайланған еді.
В Атырау -8