Атырау, 21 желтоқсан 10:18
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Мәңгілік «мәмлүктер»

2 388 просмотра

18 қыркүйекте Мұз сарайында облыстық «Бейбарыс» хоккей командасының рудныйлық «Горняк» командасымен өткізген алғашқы матчы алдында ойыншы карьерасын тәмамдаған команданың бұрынғы капитаны, қорғаушысы Евгений АНТОНОВ пен шабуылшы Сергей ОГОРОДНИКОВТЕРМЕН салтанатты қоштасу шарасы өткізілді.

«Бейбарыс» балалар команда-сының шәкірттері спорт кешенінің күмбезі астында еңбек сіңірген команда «зейнеткерлерінің» аттары мен номерлері - «23 – «Антонов» және «24 – «Огородников» деп жазылған кеудешелерін жоғары көтерді.

Екеуі де Ресейдің Серов қаласының «Металлург» командасында ойнаған және бас бапкер Александр Истоминмен бірге жергілікті «Бейбарыс» командасында өнер көрсету үшін Атырауға келді. Олар 4 жыл бойы негізгі құрамда өнер көрсетіп, Қазақстан чемпионатының 2010-2011 және 2011-2012 жылдар маусымдарында «алтынға» ие болып, 2009-2010 және 2012-2013 жж. маусымында «күміс» жүлдегер атанды. Евгений «мәмлүктер» қатарында жүріп қарсыластарына 35 шайба соқса, ал Сергей 4 шайба артық салған екен. Командамен қоштасып тұрып, Евгений капитандық белгіні хоккейден Қазақстан құрамасының мүшесі Артем Аргоковқа тапсырды.

Жалпы, команда өзінің үздік сұрмергендерімен сәуір айында, өткен маусым аяқталғанда бейресми қоштасқан болатын. 39 жасар Евгений мен 35 жасар Сергей тізе буынының ескі жарақаттарына байланысты үлкен спортпен қош айтысуға мәжбүр болды. Бұл - хоккейшілердің үнемі соқтығысулары мен күштік қақтығыстарының салдарынан болатын «кәсіби сырқаттары». Дегенмен, хоккейшілер командаға берілгендіктерін тағы бір дәлелдеп, бас бапкердің «Бейбарыс» балалар командасын жаттықтыруға қалыңдар деген ұсынысын құп алды. Мамыр айында екі бапкер де жұмысқа кірісіп, арада бір ай өткенде шәкірттері Орал қаласында болған турнирде күміс жүлдегер атанды.

Қазір Евгений мен Сергей Авангардтағы 2-ықшамауданда пәтер жалдап тұрады. Ұлдары №3 мектепте оқиды және әкелері жаттықтыратын топта хоккеймен шұғылданады.

Біз мұз сарайына келгенде, Сергей аз да болса тәжірибесі бар, яғни конькиде нық тұратын, қақпаға «шиыра» шайба бағыттай алатын балалармен жұмыс жасап жатыр екен. Ол мұз үстіне резеңке бағандар қойып, жас өрендерге конькиде сырғанау техникасын көрсетті. Балалар ұстаздары көрсеткен барлық жаттығуларды ұқыптылықпен орындап жатты. Және бұл оларға ұнайтыны көрініп-ақ тұр.

- Біз оларға кезінде бапкерлеріміздің бізге үйреткен жаттығуларын көрсетіп жатырмыз. Кейбір әдістемелерді ғаламтордан қарап, алып, пайдаланамыз. Енді қалғандарының барлығы хоккейшілердің өздеріне, жаттығулар жасаудағы құлшыныстарына байланысты, - дейді Сергей.

Енді балаларды алда мектеп каникулдары кезінде ұйымдастырылатын дәстүрлі қалааралық жарыстар күтіп тұр.

- Біздің тобымыздың ешбір балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне тіркелмегені өкінішті-ақ, - дейді Евгений.– Осыған байланысты біз балалар арасындағы Қазақстан чемпионатына қатыссақ та, ресми түрде жүлделі орындарға іліге алмаймыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

3 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.