
19 қаңтар күні Азия қор нарықтарындағы сауда басталғаннан кейін алтын мен күміс бағасы күрт өсті. Алтынның құны 4690,59 доллар, күмістің бағасы 94,12 доллар деңгейіне көтерілді, деп хабарлады dw.
Бұл көрсеткіштер АҚШ президенті Дональд Трамптың Германия және тағы жеті еуропалық елге қатысты жаңа 10 пайыздық тарифтер енгізу туралы мәлімдемесінен кейін тіркелді.
Қор нарықтары жаңа сауда соғысы қаупінен құлдырап, Жапонияның Nikkei индексі 1,4%-ға, MSCI Азия-Тынық мұхиты индексі 0,3%-ға төмендеді. Доллар иена мен швейцар франкіне қатысты әлсіреп, ал еуро мен фунт стерлинг нығайды. Мұнай бағасы өзгеріссіз қалды.
Трамптың айтуынша, тарифтер 1 ақпаннан бастап күшіне енеді, ал 1 маусымнан бастап 25 пайызға дейін өседі. Ол бұл шаралар «Гренландияны толық сатып алу жөнінде келісімге қол жеткізілгенге дейін» жалғасатынын мәлімдеді.
АҚШ пен Дания арасындағы Гренландияға қатысты келіссөздер нәтижесіз аяқталды. Дания сыртқы істер министрі Ларс Лекке Расмуссен мен Гренландияның сыртқы істер министрі Вивиан Моцфельдт аралдың мәртебесі бойынша «түбегейлі әртүрлі ұстанымдар» бар екенін айтты.
Трамптың тарифтерінен кейін Еуропаның бірнеше елі Гренландияға әскери барлау миссиясын жіберіп, аймақтағы қауіпсіздікті күшейтуге кірісті. Германиядан 15 сарбаз 18 қаңтарда Гренландияға аттанды.
В Атырау -15