Атырау, 21 желтоқсан 10:02
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

4 196 просмотра

Ақмаралдың керемет жетістігі

Болгарияның Албен қаласында өткен бокстан жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионатында 16 жасар атыраулық спортшы Ақмарал Шамшиденова (суретте) күміс медаль ұтып алды.

80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ақмарал алғашқы айқасында украиналық Анастасия Космиракты 2:1 есебімен ұтып, жартылай финалда ринг қожайыны Виктория Мунайлованы 3:0 есебімен тізе бүктірді. Алайда ақтық сындағы қызу айқаста Ресей боксшысы Влада Калашовадан 2:3 есебімен ұтылып қалды.

Әлем біріншілігінің «күмісі» - Атыраудағы әйел боксының керемет жетістігі. Бұл сатылы жұмыстың нәтижесі. 2009 жыл: бір жыл бойы аянбай жаттығудың арқасында атыраулық үш боксшы – Жазира Дәулетқали, Айдана Ділмұқашева және Кәмила Мәтжанова Қазақстан чемпионатының қола жүлдегерлері атанды. 2012 жыл: ел чемпионатында Ақерке Бақытжан мен Алмагүл Шариева сәйкесінше күміс және қола медальдар иеленді. 2013 жыл: Ақмарал Шамшиденова ел чемпионы атанып, армандаған әлем чемпионатына қатысатын жолдамаға ие болды.

Қыздарды Алексей Юн, Әлібек Көшенов, Адик Бермешев және басқалар жаттықтырады.

Сурет мұрағаттан алынды.

***

 

 

Рязаньдағы жеңістер

Бокстан облыс құрамасы Рязаньда өткен беделді халықаралық турнирге қатысты.

Мұнда Белоруссия, Ресей және Қазақстанның былғары қолғап шеберлері жұдырықтасты. Біздің облысымыздың намысын қорғаған 4 боксшының үшеуі жүлдемен оралды. Рашид Салауатов (49 келіге дейін) пен Ержан Ордабаев (суретте) (56 келіге дейін) турнир жеңімпазы атанса, 81 келіге дейінгі салмақта Тоқтар Оспанов күміс жүлдегер атанды. Cонымен қатар, Ордабаев үздік айқасы үшін арнайы сыйлыққа ие болды.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Қоржынға жүлде салды 

Алматы қаласында өткен жасөспірімдер мен қыздар арасындағы ІІІ Еуразия ойындарына қатысқан барлық атыраулық алты самбошы финалға дейін жетті.

Өз салмақ дәрежелерінде Қайырберді Айдымбай, Парасат Жұмабай және Әнел Сүлейменова чемпион атанды. Дәурен Болатбекұлы, Гүлдана Сәрсенова мен Елшат Әбу күмістен алқа тағынды. Осылайша атыраулық самбошылар Қазақстан құрамасының қоржынына 3 алтын және 3 күміс салды.

Спортшыларды бапкерлер Қайрат Досқалиев, Бисенбай Қошқаров, Мейіржан Есмағамбетов, Асхат Жұмабеков, Төлеген Ербол, Болат Жұмабаевтар дайындады.

Cондай-ақ, облыс құрамасы қатарында келесілер Еуразия ойындарының жүлдегерлері атанды: «күміс» – Руслан Ізғалиев (қазақ күресі, бапкері Жандос Тілекбаев) және Айгүл Елубай (таэквондо, бапкері Ерлан Алагөзов), «қола» – Райымбек Ашықбаев (дзюдо, бапкері Жандос Қиянов).

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Палуанды жығу қиын

Астанада өткен белдік күресінен Қазақстан кубогында 62 келіге дейін салмақта облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрболат ЫСТЫБАЕВТЫҢ өзі кілемге шықты.

Облыстық қазақ күресі федерациясының вице-президенті Есенқос ЗҰЛҚАНОВ әңгімелейді:

- Облыстың бас бапкері кілемге өзі шыққан соң, бізде күресетін бірде-бір палуан жоқ деген ойлар туындауы мүмкін. Бірақ бұл олай емес. Нұрболат 25 жаста және ол ұлттық құрамадағы №1 палуан – қазақ күресінен әлем чемпионатының жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ол бұл жолы да өз шеберлігін дәлелдеп, ақтық сында 2013 жылғы әлем чемпионы ақтөбелік Нұрлыбек Хайруллинді ұтты.

Облыс құрамасының қоржынына тағы бір «алтынды» 82 келіге дейінгі салмақта Ринат Лұқпанов салды. Ол шешуші айқаста астаналық Елдос Назартаевты «белден алды». 73 келіге дейінгі салмақта Айбек Ахметов «қолаға» қол жеткізді. Палуандардың барлығы да - 1-БЖСМ шәкірттері.

***

 

Гимназия құрметі

Атырауда №34 мектеп-гимназияда оқу орнының 5 жылдығына арналған баскетболдан мектеп оқушылары арасында турнир өтті.

Жарысқа Исатай ауданының, 3-БЖСМ, №№2, 16, 19, 34 мектептердің командалары қатысты. Қорытындысында 3-БЖСМ командасы 1-орынға ие болса, 2-орынды №34 мектеп, 3-орынды №19 мектеп алды. Темірлан Қуанышев (№19 мектеп) пен Нұртас Телеубай (№2 мектеп) жарыстың үздік ойыншылары атанды.

***

 

Ормандағы қызықтар

Дене тәрбиесін және спортты дамыту орталығының қолдауымен Талғайраң тоғайында мектеп және колледж оқушылары арасында спорттық бағдарлау бойынша облыс біріншілігі өтті.

Жарысқа 45 адам қатысты. Юрий Макрушин, Мария Костеянен, Кирилл Миронов және Григорий Марковтар үздік атанды. Эстафетада 1-орынды мұнай және газ технологиялық колледжі, 2-орынды Мақат ауданы, 3- орынды Атырау қаласы командалары иеленді.

***

 

Қоржынға жүлде салды

Алматы қаласында өткен жасөспірімдер мен қыздар арасындағы ІІІ Еуразия ойындарына қатысқан барлық атыраулық алты самбошы финалға дейін жетті.

Өз салмақ дәрежелерінде Қайырберді Айдымбай, Парасат Жұмабай және Әнел Сүлейменова чемпион атанды. Дәурен Болатбекұлы, Гүлдана Сәрсенова мен Елшат Әбу күмістен алқа тағынды. Осылайша атыраулық самбошылар Қазақстан құрамасының қоржынына3 алтын және 3 күміс салды.

Спортшыларды бапкерлер Қайрат Досқалиев, Бисенбай Қошқаров, Мейіржан Есмағамбетов, Асхат Жұмабеков, Төлеген Ербол, Болат Жұмабаевтар дайындады.

Cондай-ақ, облыс құрамасы қатарында келесілер Еуразия ойындарының жүлдегерлері атанды: «күміс» – Руслан Ізғалиев (қазақ күресі, бапкері Жандос Тілекбаев) және Айгүл Елубай (таэквондо, бапкері Ерлан Алагөзов), «қола» – Райымбек Ашықбаев (дзюдо, бапкері Жандос Қиянов).

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Нәтижелі ойын өрнегі

«Атырау» ФК-ның дайындық тобы командасы премьер-лига футбол командаларының 1999 ж.т. жасөспірімдер командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің жартылай финалында жақсы өнер көрсетті.

Біздің команда барлық үш ойында да жеңіске жетті. 3:0 есебімен аяқталған «Қайрат» (Алматы) командасымен ойында Батырхан Орынбасаров (2) пен Алексей Блинов (1) көзге түсті. Тағы да осындай, 3:0 есебімен жеңіске жеткен «Ақжайық» командасымен ойында Б. Орынбасаров, А.Блинов және Саламат Бағдат гол соқты. Ал 3:2 есебімен аяқталған Өскеменнің «Востогымен» өткен матчта А. Блинов (2) және Ерхан Таласбаев нәтижелі болды. Ақтық кезеңде атыраулық жас өрендер біріншілік жүлделері үшін «Ертіс» (Павлодар), «Ордабасы» (Шымкент) және «Восток» командаларымен кездесетін болады.

«Атырау-99» командасының бапкері Қуаныш Қабдоловтың айтуынша, оның командасы қазіргі күнге дейін Қазақстан біріншілігінде 14 матч өткізіп, оның 13-інде жеңіске жетіп, бір рет тең ойнаған.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

3 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.