
Президент «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өткен жылы атқарған қызметінің нәтижесі жөнінде басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтің баяндамасымен танысты.
Талғат Алдыбергенов мәлімдегендей, тарифтік жүк айналымы 10 пайызға артып, 289 миллиард тонна-шақырымды құрағанын айтты. Тасымал көлемі 5,5 пайызға ұлғайып, 320 миллион тоннаға дейін жеткен. Экспорттық тасымал 89 миллион тоннадан асты. Жүк транзиті 20 пайыздан астам өсіп, 33 миллион тонна болды.
Президентке былтыр пайдалануға берілген Достық – Мойынты темір жолының екінші желісі арқылы 6 миллион тонна немесе 100 мың вагоннан аса жүк жеткізілгені баяндалды. Алматы бекетін айналып өтетін темір жолдағы техникалық қозғалысқа рұқсат етілді.
Теміржол инфрақұрылымдарын тарту және жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жобалардың жалпы ұзындығы 3900 шақырымды құрайды.
"ҚТЖ" басшысы компания қызметінде қауіпсіздікті, тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жасанды интеллектіні енгізу арқылы цифрлық жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар, тәлімгерлік институты жолға қойылып, жастар кадрлық резерві жасақталған.
Президент әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызын атап өтіп, теміржолшыларға арналған қолжетімді тұрғын үй салу бастамасын құптады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамын трансформациялауды жалғастыру, ірі шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты нығайту, цифрлық шешімдерді енгізу, мультимодальдық логистиканы дамыту мақсатында инфрақұрылымдарды кеңейту жөнінде тапсырма берді.
В Атырау -8