Атырау, 16 қаңтар 14:10
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -8
$ 510.95
€ 594.49
₽ 6.50

Венесуэладан Қазақстанға дейін: саясат мұнай бағасына қалай әсер етеді

84 рет қаралды

Жаңа жылдың басында әлемдік мұнай нарығы белгісіздік жағдайында қалып отыр. Бағаның құбылуы мен логистикалық бағыттардың қайта құрылуы нарық қатысушыларын сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігін ғана емес, ірі мұнай қоры бар елдердегі саяси тәуекелдерді де ескеруге мәжбүр етуде, деп хабарлайды energyprom.kz.

Венесуэлада АҚШ ықпалының күшеюі талқыланып жатыр. Әлемдегі ең ірі дәлелденген мұнай қоры — 303,2 млрд баррельге ие елде санкциялар мен саяси тұрақсыздық өндіріс пен экспортты тежеп отыр. Иран да ұқсас жағдайда: 208,6 млрд баррель қорымен үшінші орында тұрған мемлекетте ішкі тұрақсыздық пен санкциялар экспортты қиындатып, мұнай бағасына геосаяси үстеме қосуда.

ОПЕК дерегінше, әлемдік дәлелденген мұнай қоры 1,6 трлн баррельді құрайды. Ең ірі қорлар Венесуэла, Сауд Арабиясы (267,2 млрд) және Иранда шоғырланған. Ірі ресурстар Иракта (145 млрд), БАӘ-де (113 млрд), Кувейтте (101,5 млрд) және Ресейде (80 млрд) бар.

Канада мұнайлы құмдарды есепке алғанда 163 млрд баррель қорымен төртінші орынға шығады, бірақ мұндай өндіріс қымбат әрі көміртек шығарындылары жоғары. АҚШ (45 млрд), Ливия (48,4 млрд), Нигерия (37,3 млрд), Қазақстан (30 млрд) және Қытай (28,2 млрд) салыстырмалы түрде аз қорымен де тұрақты өндіріс пен экспорттық инфрақұрылым арқылы маңызды ойыншылар болып отыр.

Қазақстан шамамен 30 млрд баррель қорымен әлемдік нарықта орташа позицияға ие. 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында елде мұнай мен газ конденсатын өндіру рекордтық 91,7 млн тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 14,1%-ға артты.

Экспорт барысында дрон шабуылдарына байланысты танкерлер мен инфрақұрылымға зақым келгенімен, Қазақстан жеткізілімдерді Қытай бағытына және Атырау–Самара маршрутына қайта бағыттап, шектеулерді өтей алды.

2025 жылдың қаңтар–қазанында елден 62,6 млн тонна мұнай мен мұнай өнімдері экспортталып, 33,2 млрд доллар кіріс түсті. Физикалық көлем 5,4%-ға өскенмен, баға конъюнктурасына байланысты қаржылай түсім 8,5%-ға төмендеді.

Негізгі экспорт бағыттары — Италия (24 млн тонна) мен Нидерланды (8,9 млн тонна). Сондай-ақ Франция, Румыния, Грекияға жеткізілімдер жасалды, Қытайға экспорт көлемі 3,1 млн тоннаны құрады.

Қазақстанның өндіріс өсімі мұнай секторындағы тұрақтылықты көрсеткенімен, инфрақұрылымға жасалған шабуылдар экспорттық бағыттардың осалдығын айқындады. Әлемдік мұнай қорының басым бөлігі саяси тәуекелі жоғары елдерде шоғырланғандықтан, нарық саяси және логистикалық факторларға сезімтал болып қала береді. Қазақстан үшін бұл экспорттық маршруттарды әртараптандыру мен инфрақұрылымды қорғауды күшейту қажеттігін білдіреді.

Бүгін, 12:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.