
2026 жылғы ақпаннан бастап мотор майларын міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі.
Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады. Аталған шара «Таңбалауға жататын тауарлар тізбесін айқындау туралы» тиісті бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылады.
Ведомство мамандары атап өткендей, жаңа құқықтық талаптарға уақтылы дайындалу мақсатында өндірушілерге, импорттаушыларға, сондай-ақ көтерме және бөлшек саудамен айналысатын нарық қатысушыларына Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі ақпараттық жүйеде тіркеу рәсімінен өту қажеттігі ескертіледі. Нарық қатысушылары үшін ақпараттық жүйеге қолжетімділік tanba.markirovka.kz ресми веб-ресурсы арқылы қамтамасыз етіледі.
Жаңа реттеу тетігін енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2026 жылдың ақпан айынан бастап көрсетілген мерзімнен кейін өндірілген немесе Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген мотор майлары міндетті цифрлық таңбалауға жатады. Ал тауар қозғалысын жеткізу тізбегінің барлық кезеңдерінде толық қадағалау режимі 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап енгізіледі.
Министрліктің мәліметі бойынша, аталған жаңашылдықтың негізгі мақсаты – нарықтағы ашықтықты арттыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Сарапшылардың бағалауынша, қазіргі уақытта сатылып жатқан мотор майларының едәуір бөлігі көлеңкелі айналымда болуы мүмкін. Жосықсыз жеткізушілер контрафактілік өнімді құю кезінде танымал брендтердің түпнұсқа қаптамасын пайдаланып, жалған өнімді сыртқы белгілері бойынша түпнұсқадан ажырату мүмкін болмайтындай етіп ұсынады. Мұндай сапасыз өнімді пайдалану автокөлік иелері үшін қозғалтқыштың істен шығуына және едәуір қаржылық шығындарға әкелетін қауіп төндіреді.
Data Matrix сәйкестендіру құралдары арқылы цифрлық таңбалауды енгізу осы мәселелерді шешуге бағытталған. Әрбір канистрге көшіріп алу немесе қайта пайдалану мүмкін болмайтын бірегей цифрлық кодтың берілуі өнім айналымын толық бақылауға мүмкіндік береді. Аталған механизм әрбір тауардың – зауыттан немесе шекарадан бастап дүкен сөресіне дейінгі қозғалысын ашық әрі қадағалануын қамтамасыз етіп, контрафактілік өнімді сатып алу тәуекелін азайтады.
В Атырау -8