
2026 жылдан бастап Қазақстанда кассалық чектерді беру мен жинауға бақылау күшейді. Билік азаматтар чектерді тек міндеттіліктен емес, қаржылық ынталандыру мен цифрлық құралдардың арқасында сақтайды деп күтуде, деп жазады digitalbusiness.kz.
1 қаңтардан бастап Ұлттық тауарлар каталогы іске қосылды. Бұл – әр тауарға бірегей ұлттық идентификатор берілетін бірыңғай база. Өндірушілер, импорттаушылар және сатушылар құжат рәсімдеу мен кассалық аппараттарда осы деректерді қолдануға міндетті.
Каталог кассалық машиналармен, фискалдық деректер операторларымен және электронды шот-фактуралармен біріктірілді. Енді чек тауардың цифрлық «паспортының» бөлігіне айналды: әрбір позиция мемлекеттік идентификаторға тіркеледі. Тауарды чексіз сату автоматты түрде анықталады.
Елде Salyq кешбэк жобасы жұмыс істейді. Ол бойынша азаматтар фискалдық чектерді жүктеу арқылы сатып алуларынан белгілі бір соманы қайтара алады. Бұл – бүкіл елді қамтитын алғашқы ауқымды бағдарлама. Сонымен қатар, чектер бойынша сыйлық ұтыстары сияқты бастамалар талқылануда.
Қаржы министрлігі азаматтардың шығындарын ресми табыстарымен салыстыратын жанама бағалау механизмін енгізді. Егер айырмашылық болса, салық органдары түсініктеме сұрай алады. Мұндай жағдайда чектер ірі сатып алулар мен шығындардың заңды көзін дәлелдеуге көмектеседі.
Бұл тәсіл 2025 жылы блогерлердің табысын тексеру кезінде қолданылды. Сол кезде 500-ден астам адамда декларация мен нақты кіріс арасында айырмашылық анықталып, жалпы сомасы 53 млрд теңге болған.
Алдағы уақытта автоматты талдау тұрмыстық техника, емделу, саяхат, мейрамхана, шетелдік сапарлар және басқа да ірі шығындарды қамтуы мүмкін. Ол үшін жасанды интеллект алгоритмдері қолданылады.
Осылайша, 2026 жылы чектерді сақтау азаматтарға тек салық тәртібі үшін емес, қаржылық пайда мен заңдық қорғаныс тұрғысынан да тиімді болып отыр.
В Атырау -8