
Бүгін, 12 қаңтар күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласына жұмыс сапарымен барып, Жаңаөзен сүт зауытының сублимацияланған құрғақ түйе сүтін өндіру цехінің ашылу салтанатына қатысты.
Жаңа сүт зауыты өңір экономикасына үлес қосатын маңызды өндіріс орны болып саналады. Жоба өңірде жоғары сапалы, экологиялық таза өнім өндірісін жолға қоюға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өндірісті дамытуға бағытталған. Алдағы уақытта зауыт өнімдерін экспортқа шығару жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өнімдерді Қытай мен БАӘ-не жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Аталған нысан «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС тарапынан салынды. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 148 миллион теңге, цехта 12 жаңа жұмыс орны ашылған. Жалпы ауданы 500 шаршы метрді құрайды және жылына 18 тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Цехтың басты мақсаты – жыл бойы шұбат өнімін үздіксіз қамтамасыз ету. Сонымен қатар цех арқылы шұбат өндірісін ұлғайту және ауыл шаруашылықты қолдау көзделген. Зауыт 30-ға жуық жеке шаруа қожалығынан бір жылда 68 000 литр сүт қабылдап келген, енді осы өнімді 2 есеге ұлғайту жоспарланып отыр.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, оның қала өмірі үшін маңыздылығын атап өтті.
«Бұл жаңа өндіріс орны өңіріміз үшін маңызды әрі пайдалы бастама. Жоғары сапалы, экологиялық таза өнім өндірісін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті қолдау – біздің басты мақсатымыз», – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар қала ақсақалдары құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кешеннің лентасы қиылды. Қонақтар цехтың ішкі бөлімдерімен және өндіріс барысымен танысты.
В Атырау 0