Жоғары мінберлерден 100 пайыздық газбен жабдықталғандығы туралы айтылғанымен, көгілдір отын Атырау облысының барлық үйіне жеткізілген жоқ. Қызылқоға ауданындағы Көздіғара округіне қарасты Қоныстану, Қосқұлақ, Бүйрек елді мекендерінде газ әлі де арман күйінде қалып отыр.
Көздіғара округі әкімінің міндетін атқарушы Болат ҚАБЕСОВТІҢ айтуынша, көпшілігінің үй құжаттары дұрыс болмағандықтан кезінде газбен қамтылмай қалған.
- Бұдан үш жыл бұрын үйге газ құбырын тарту бағасы 60 мың теңге болатын. Ал қазір бұл баға өсіп кетті, - деді Б.Қабесов.
Ідіріс ТІЛЕУҒАЛИЕВ отбасы-ның тұрмыс деңгейі газ құбырын тартып алу түгіл, шайлығына жетпейді. Олар әйелі екеуі жұмыссыз. Ер жеткен екі ұлы жұмыс іздеп қалаға кеткен. Ал кіші ұлы ата-анасымен бірге тұрады.
- Балаларым жұмыс жасағысы келеді, бірақ тұрақты жұмысқа қол жеткізе алмай отыр. Өзім болсам, ақылы қоғамдық жұмыста үш ай ғана істедім, содан кейін одан қысқарып қалдым. Қарап отыра алмаймын, мал бағуға да шығып келем. Бірақ мынадай жаста жаяу мал бағу оңай емес. Содан түскен тиын-тебенге ас-суымызды сатып аламыз, газға ақша қайдан болсын, - дейді Ідіріс.
Тілеуғалиевтер отбасы қыстың қатты суық болмауын және жинаған қи толық жетсе екен деп тілеп отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА