Атырау, 10 қаңтар 07:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 509.94
€ 593.88
₽ 6.43

Ирандағы наразылықтар аясында интернет өшірілді, құрбандар бар

190 рет қаралды

Ирандағы экономикалық жағдайға қарсы наразылықтардың күшеюіне байланысты өткен түні интернетке қол жеткізу айтарлықтай шектелді. Бірқатар иран қалаларында орын алған тәртіпсіздіктер салдарынан қаза тапқандар мен көптеген жараланғандар бар екені хабарланды, деп жазады АА.

Интернет-трафикті бақылап отырған халықаралық ұйымдар Ираннан деректерді беру көлемінің күрт төмендегенін мәлімдеді.

Өшірілу аймақ пен уақытқа қарай әртүрлі болған, байланыс кейде ішінара қалпына келіп отырған. Мобильді және сымды интернеттің жұмысы баяулап, үзілістер байқалды, сондай-ақ бірқатар онлайн-платформаларға қол жеткізуде қиындықтар туындады.

Билік әзірге интернетті өшіру себептері туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бұған дейінгі жылдары да елде наразылықтар кезінде интернетке шектеулер енгізілген болатын.

Наразылықтар таңға дейін жалғасып, күш қолдануға ұласқан. Олар 1979 жылы тақтан тайдырылған иран шахының ұрпағы Реза Пехлевидің үндеуінен кейін басталды.

Түнгі демонстрациялар кезінде, соның ішінде Тегеранда, тәртіпсіздіктер орын алды. Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда бетперде киген және қаруланған топтар көліктерді, мотоциклдерді, метро станцияларын, банктерді, өрт сөндіру машиналары мен автобустарды қиратқаны көрінеді.

Жергілікті дереккөздердің хабарлауынша, астанада бірнеше муниципалдық автобус өртелген.

Иран мемлекеттік телеарнасы бұл оқиғалар салдарынан кейбір қалаларда қаза тапқандар мен көптеген зардап шеккендер бар екенін хабарлады.

Оқиғаның толық мән-жайы және шабуыл жасаған топтардың кім екені белгісіз. Қауіпсіздік күштері наразылық болған аймақтарда шараларды күшейтті.

Наразылықтар 28 желтоқсанда Тегеранның бас базарында ұлттық валютаның күрт құнсыздануы мен экономикалық қиындықтарға байланысты басталды. Акциялар елдің көптеген қалаларына тарады.

Ресми деректерде қаза тапқандар мен жараланғандар саны жарияланбады. Алайда HRANA адам құқықтары агенттігі 42 адамның, оның ішінде 8 қауіпсіздік қызметкерінің қаза тапқанын, ондаған адамның жараланғанын және 2 277 адамның ұсталғанын хабарлады.

Tasnim ақпарат агенттігі наразылықтар кезінде 568 полиция қызметкері мен «Басидж» жасағының 66 мүшесі жараланғанын мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Тегеранға ескерту жасап, «Иран бейбіт демонстранттарды атып, өлтіре бастаса, АҚШ көмекке келеді» деген болатын.

5 қаңтарда Ислам революциясы сақшылары корпусы наразылыққа қатысушыларға ешқандай кешірім жасалмайтынын мәлімдеді.

Кеше, 18:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.