
Қызылқоға ауданында жоғалғандар қатарында болған отбасының екі мүшесі қаза тапқаннан кейін әлеуметтік желілерде ақша жинау туралы хабарламалар тарай бастады.
Марқұмдардың туысы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Желіде қаза тапқан Максот Қарабалиннің туған інісі ретінде таныстырған ер адамның видеоүндеуі пайда болды. Ол мұндай хабарламаларға сенбеуге шақырды. Оның айтуынша, белгісіз біреулер «көмек қолын созайық» деген желеумен ақша жинауды бастаған.
«Желі арқылы ешқандай ақша жиналып жатқан жоқ. Ондай ақпараттарға алданбаңыздар, бұл – жалған», – деді ол.
Сондай-ақ, ол жерлеу рәсімінің ел болып, ауыл болып, туыстардың күшімен ұйымдастырылғанын айтты.
Еске салайық, 6 қаңтар күні ерлі-зайыптылар — Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері өз ауласынан табылған еді. Оларды жерлеу рәсімі бүгін, 8 қаңтар күні өтті.
Аталған отбасы 2025 жылдың қазан айынан бері із-түзсіз жоғалып кеткен. 25 желтоқсанда туыстары полицияға хабарласып, олардың жоғалғанын мәлімдеген. Ал марқұмдардың балалары — Мирамгүл мен Наурыз туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -3