Атырау, 9 қаңтар 12:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 508.91
€ 594.36
₽ 6.33

Немереге өсиет дауы: кассациялық сот мұра қалдырушының шешімін заңды деп таныды

200 рет қаралды

Қызы әкесінің немересінің пайдасына қалдырған өсиетті сот арқылы даулаған іс қаралды. 

Ол әкесінің тірі кезінде спирттік ішімдікті шамадан тыс пайдаланғанын, наркологиялық диспансерде есепте тұрғанын және өз әрекеттерін түсінбегенін алға тартты. Талап қоюшының пікірінше, өсиет оның бірінші кезектегі мұрагер ретіндегі құқықтарын бұзады.

Бірінші сатыдағы сот қайтыс болғаннан кейін психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындады. Сараптама қорытындысында өсиет жасалған кезде мұра қалдырушыда психикалық бұзылыстардың белгілері болғаны көрсетілді. Алайда сот бұл қорытындыны қабылдамады, себебі оның негізіне алынған дәлелдер заң бойынша жол берілмейтін деп танылды.

Сот мұра қалдырушы тірі кезінде психиатр мен наркологтың есебінде тұрмағанын, алкоголизмнен ем қабылдамағанын, жауапкершілікке тартылмағанын және өсиет жасалған кезеңде Алматыда тұрғанын анықтады. Сонымен қатар, психикалық денсаулық саласындағы стандарттардың бұзылғаны белгілі болып, уәкілетті органға жеке ұйғарым жолданды. Соның нәтижесінде психиатр дәрігердің лицензиясы тоқтатылды.

Кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың тұжырымдарын қолдап, өсиеттің заңға сәйкес жасалғанын растады. Нотариус рәсімді сақтаған, құқықтық салдары мұра қалдырушыға түсіндірілген. Өсиет жасалған кезде куәгер қатысып, мұра қалдырушының ерік білдіруін растады. Куәгердің айтуынша, ол 2014 жылдан бері өзімен бірге тұрған немересіне пәтерін саналы түрде қалдыруға шешім қабылдаған.

Осылайша, кассациялық сот мұра қалдырушы өз мүлкіне заңда белгіленген тәртіппен билік еткенін, тірі кезінде өсиетті жоймағанын және өзгертпегенін анықтап, өсиеттің күшінде қалатынын бекітті.

Кеше, 13:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.