
Каспий теңізінің деңгейінің төмендеуі енді тек экологиялық мәселе емес, ол Батыс Қазақстандағы экономиканы, логистиканы және халықтың тұрмыс сапасын тікелей қозғап отыр. Әсіресе Маңғыстау облысы – елдің транзиттік және мұнай инфрақұрылымдық орталығы – бұл өзгерістерді қатты сезінуде, деп жазады ҚазАқпарат.
Экология министрлігінің деректеріне сәйкес, 2006–2024 жылдар аралығында теңіз деңгейі екі метрден астам төмендеген. 2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан секторында орташа көрсеткіш минус 29,3 метрге жетті. Ең төменгі деңгей шығыс бөлікте тіркелсе, соңғы бес жылда Солтүстік және Орта Каспийде су шамамен бір метрге азайды.
Сарапшылар теңіздің тартылуын ең алдымен климаттың өзгеруімен байланыстырады: жауын-шашын азайып, булану күшейген. Бақылауларға қарағанда, Каспий өңірі жаһандық орташа көрсеткіштен үш есе жылдам жылып жатыр. Бұған қоса, кеме қатынасын және мұнай жобаларын қолдау үшін жүргізілген түбін тереңдету жұмыстары да әсер етуде.
Маңғыстау облысы әкімдігі мұнай-газ, теңіз логистикасы және порт инфрақұрылымы ең көп шығынға ұшырап отырғанын хабарлады. Тайызданған акватория кемелердің жүк көтергіштігін шектеп, тасымалдаушыларға қосымша шығын жүктейді. Ақтау портында кемелер толық жүктемемен кіре алмайды, ал перешвартовка мен түбін тазалау жүздеген миллион теңгеге түсуде. Курык пен Ақтау порттарында акваторияны тереңдету жобалары іске асырылып жатыр, себебі «Орта дәліз» – Еуропа мен Азия арасындағы транзит үшін стратегиялық бағыт.
Жағалау сызығының шегінуі жағажай аумағын қысқартып, дәстүрлі теңіз туризмінің тартымдылығын төмендетуде. Аймақ билігі туризмді экологиялық, мәдени-тарихи және шөл бағыттарына қайта бағдарлап отыр.
Кеуіп қалған теңіз түбінен көтерілген шаң мен тұзды дауылдар зиянды заттарды таратып, тыныс алу ауруларының көбеюіне ықпал етуде. Сонымен қатар, су деңгейінің төмендеуі Ақтау қаласының ауызсу және техникалық сумен қамтылуын қиындатуы мүмкін.
Солтүстік Каспийдегі түбін тереңдету жұмыстары балықтар мен итбалықтардың қоректік базасын бұзды. Бұған жауап ретінде аймақта балық фермалары, теңіз торлары және жыл сайынғы шабақтандыру бағдарламалары іске қосылуда.
Қазақстан Тегеран конвенциясы аясында көрші елдермен бірлесіп әрекет етуде. 2025 жылдан бастап Каспий ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеп, теңіздің экологиялық жағдайын бақылауға кірісті. 2025–2035 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары дайындалуда.
Каспийдің тартылуы – табиғи құбылыстан бөлек, аймақтың экономикасы мен экологиясына ұзақ мерзімді қауіп төндіретін фактор. Сарапшылардың айтуынша, көрші елдермен су ресурстарын басқару жөнінде келісілген шешімдер қабылданбаса, тәуекелдер одан әрі күшейе береді.
В Атырау -2