Атырауда республикалық «Қазақстанның үздік тауарлары» байқауына біздің облысымыздың атынан ұсынылатын жылдың үздік тауарлары таңдалды.
Өңірлік конкурстың өткізіліп келе жатқанына сегізінші жыл болды, алайда осы уақыттан бері өңірімізде қатысушылар саны көбейді деп мақтана алмаймыз. Жергілікті ерекшеліктің де әсері бар – ірі мұнай компаниялары сатып алатын тауарды сертификаттауға қатаң талап қояды. Ал біздің кәсіпкерлер тәуекелге: өндірісті жолға қоюға, тауар сапасын қажетті деңгейге дейін жеткізуге, сертификаттаудан өтуге бел буғысы келмейді. Өйткені осы шарттардың бәрі сақталса да жеткізушілер қатарына ену‑енбеулері неғайбыл.
Осы байқауға 30 шақты компания қатысты. Биылғы жылғы номинанттардың ішінде тұрақты қатысушылар «Өнерпаз» ЖШС, «Жемчужина» ЖШС және т.б., сонымен қатар жаңа қатысушылар бар. Олардың мақсаты – жеңіске жетпесе де, өздерін таныстырып, байланыстарын жолға қойып, өткізу нарығын кеңейту.
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында жеңіс металл-пластик тұрбалар өндірумен айналысатын «ШевронМұнайГазИнк» компаниясына бұйырды. «АтырауАгроӨнімдері» ШҚ өнімдері «Азық-түлік мақсатындағы үздік тауарлар» номинациясында марапат алды. «Қалиева» ЖК жиһазы «Тұрғындарға арналған үздік тауар» атанды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА