
Полиция қызметкерлері аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті шымкенттік тұрғындарға қатысты бірнеше алаяқтық әрекетке қатысы бар. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 80 миллион теңгеден асады.
Алаяқтық эпизодтарының бірінде ол алтын бұйымдар сатумен айналысатын кәсіпкердің сеніміне кіріп, зергерлік әшекейлерін иемденіп кеткен. Сондай-ақ тұрғындардан шетелге арзан бағамен туристік сапарлар ұйымдастырамын деп ақша алып, турларды өткізбей, қаражатты қайтармаған.
Осы деректер бойынша күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған болатын. Жүргізілген кешенді жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі таңда істің барлық мән-жайын анықтау және қылмыстық әрекеттердің қосымша эпизодтарын әшкерелеу бағытында тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
В Атырау -2