
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі марқұм болған экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесі Ресейде ұсталды деген хабарға түсініктеме берді.
23 желтоқсанда Айгүл Сайлыбаеваның ағасы Қанат Сайлыбаев әлеуметтік желідегі парақшасында Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцованың Мәскеуде полицияға жеткізілгенін жазған болатын. Оның айтуынша, оларды Қазақстанға экстрадициялау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда дипломатиялық мәселелер мен қос азаматтықтың болуы рәсімдердің ұзаққа созылуына ықпал етуі мүмкін.
Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген ҚР СІМ баспасөз қызметі: – Ресейдің құзырлы органдарынан Наталья мен Александр Донцовтардың ұсталғаны туралы ресми ақпарат түскен жоқ. Осыған байланысты ресми сауал жолданды, – деп хабарлады.
Министрлік өкілдері экстрадиция мәселесі құқық қорғау органдарының құзыретіне жататынын және қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралатынын нақтылады.
Еске сала кетейік, 9 желтоқсанда Қазақстанда Александр Донцов пен Наталья Донцоваға Айгүл Сайлыбаеваны азаптау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланған. Сонымен қатар Германияда да марқұмның өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Неміс құқық қорғау органдары 2024 жылы Наталья Донцоваға халықаралық іздеу жариялаған еді.
Айгүл Сайлыбаева – Сарыарқа аудандық сотының бұрынғы судьясы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол 2024 жылдың маусым айының басында Германияның Бенсхайм қаласында жоғалып кеткен. 4 маусым күні қызын балабақшаға апарғаннан кейін байланыс үзілген. Сол күні шамамен сағат 14:30-да баланы әжесі Наталья Донцова алып кеткен, кейін ол да із-түзсіз жоғалған.
Бірнеше аптадан соң Айгүл Сайлыбаеваның мәйіті қала шетінен полиэтилен қаптың ішінен табылды. Оның денесінде пышақ жарақаттары анықталған.
В Атырау -2