
Венесуэла қорғаныс министрі Владимир Падрино Лопес мемлекеттік телеарна эфирінде армияның вице-президент Делси Родригесті уақытша президент ретінде қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды АА.
Министр Николас Мадуроның елдің заңды басшысы екенін атап өтіп, оны және жұбайы Силия Флоресті дереу босатуды талап етті. Оның айтуынша, АҚШ-тың әрекеттері Венесуэланың егемендігін бұзды.
Лопес халықаралық қауымдастықты жағдайға назар аударуға шақырып, «бүгін Венесуэлаға жасалған әрекет ертең кез келген мемлекетке жасалуы мүмкін» деп ескертті.
Қорғаныс министрі армияның елдегі демократиялық және конституциялық сабақтастықты қамтамасыз ететін институт екенін айтып, халықты сабыр сақтауға үндеді.
30 желтоқсанға қараған түні Каракас тұрғындары жарылыстар мен төмен ұшқан ұшақтардың дыбысын естіген. Венесуэла билігі АҚШ-ты елдің азаматтық және әскери нысандарына соққы жасаған деп айыптады.
АҚШ президенті Дональд Трамп таңертең Венесуэлаға қарсы ауқымды шабуыл ұйымдастырылғанын растады. Оның барысында Мадуро мен жұбайы ұсталып, елден тыс жерге шығарылған.
АҚШ бас прокуроры Пэм Бонди Мадуро мен Флореске қатысты ресми айыптар тағылғанын хабарлады. Олардың ішінде: «наркотерроризм», АҚШ-қа кокаин жеткізуге астыртын келісім, қару-жарақ пен жарылғыш құрылғыларды сақтауға қатысты айыптар бар.
Венесуэла үкіметі бұл әрекетті егемендікті өрескел бұзу деп бағалап, халықаралық қауымдастықты қатаң пікір білдіруге шақырды. Әлем елдерінің реакциясы әртүрлі болды: кейбір мемлекеттер шабуылды айыптаса, басқалары Вашингтонды қолдады немесе пікір білдіруден бас тартты.
В Атырау -2