
30 желтоқсан түні Атырау облысының Құрманғазы ауданында қайғылы жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан жасөспірім көз жұмды.
Апаттан кейін әлеуметтік желілерде полиция көлікті қудалаған деген болжамдар тарады.
Полиция департаментінің хабарлауынша, көлік кенеттен жолға шыққан жылқымен соқтығысқан. Рөлде кәмелет жасына толған жүргізуші отырған. Ал салонда болған жасөспірім ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлердің көмегіне қарамастан қайтыс болды.
Оқиға бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта болған жағдайдың мән-жайын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Атырау облыстық полициясы әлеуметтік желілерде тараған «апат рейд кезінде болған», «көлікті қудалау орын алған» деген ақпаратты жоққа шығарды. Сондай-ақ «көлік қоршауға соғылған» немесе «жасөспірімді жылқы таптап кеткен» деген хабарламалар да расталмады.
Полиция атап өткендей, мереке күндері қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеді. Сонымен бірге өңірде көлікті қудалау, тоқтаудан бас тарту, полицияның заңды талаптарына бағынбау немесе мәжбүрлі шара қолдану фактілері тіркелмеген.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -2