
Күн сайын Атыраудағы киберполицияға жаңа адамдар келеді. Таңертең олар өздеріне сенімді болып, мұндай жағдай өз бастарынан өтпейді деп ойлайды. Бірақ кешке біреулерінің есепшоттары бұғатталып, екіншілеріне несие рәсімделіп, үшіншілерінің миллиондаған ақшасы жоғалып жатады. Көп жағдайда бәрі бір қоңыраудан немесе хабарламадан басталады.
Атырау облысында интернет-алаяқтық қарқын алып келеді. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, 2025 жылы Атырауда интернет-алаяқтыққа қатысты 1200-ден астам қылмыс тіркелген.
200-ге жуық іс сотқа жіберіліп, шамамен 70 күдікті ұсталды. Салыстыру үшін: 2024 жылы – 1089 дерек, 2023 жылы – 747 тіркелді. Жәбірленушілер көбейіп, алаяқтардың айласы да күрделеніп, адамдардың психологиясына тереңірек әсер ете бастады.
Бүгінде белгісіз нөмірлерден қоңырау шалу үйреншікті жағдайға айналды. Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері, қауіпсіздік қызметі немесе байланыс операторлары ретінде таныстырып, деректерді растауды немесе SMS-кодты айтуды сұрайды. Көпшілік мұндай қоңырауларға жауап бермеуді үйренгенімен, қылмыскерлер тез бейімделіп, сенімге кірудің жаңа жолдарын табады.
«Сәл қалғанда несие рәсімделетін еді»
Жақында Атырау тұрғынының отбасы алаяқтардың құрбаны бола жаздады. Бейтаныс адамдар қоңырау шалғанда әуелі отағасысөйлескен. Олар өздерін қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстырып, 1414 нөмірінен келгендей көрінген SMS-тегі кодты айтуды талап етті.
Әңгімеге әйелі араласып, телефонды алып сөйлесуді жалғастырады. Ол әдейі ойдан шығарылған кодты айтқан кезде алаяқ қарсы алдында әшкереленгенін түсініп, қоңырауды тастай салады. Несиені рәсімдеуге үлгермеді.
Киберполиция қызметкерлерінің айтуынша, басқармаға күн сайын 5–6 жәбірленуші жүгінеді. Бір сағаттың ішінде бірнеше адам қатар келуі мүмкін. Сол күні екі азамат дроп-схемаларға тартылып, олардың банктік есепшоттары бұғатталған.
Тағы бір ер адам 4 миллион теңгеден астам қаржыны сақтандыру компаниясына аударып, 900 мың теңгеден артық бонус аламын деп ойлап, өзінің ЭЦҚ-кілтін менеджерге береді. Кейін бұл соманы алу мүмкін еместігі анықталды. Клиент пен компания арасында келісімшарт болғандықтан, киберполиция араласуға заңды негіз таппады.
Полиция қызметкерлері ЭЦҚ-ні үшінші адамдарға беруге қатаң тыйым салынатынын ескертеді. Бұл жеке деректерді, мүлікті және заңдық маңызы бар кез келген әрекеттерді жоғалту қаупін тікелей арттырады.
Нақты жағдайлар: схемалар қалай жұмыс істейді
Атырау облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы басқармасының аға жедел уәкілі Даурен Мұхамбеталиевтің айтуынша, бүгінде ең көп таралған екі схема бар. Олар – байланыс операторының атын жамылып қоңырау шалу және жалған инвестициялық жобалар.
Оның сөзінше, бұл мәселе тек Қазақстанға тән емес. Мұндай айла-тәсілдер бүкіл әлемде қолданылады. Белгілі адамдардың бейнесін қолданған жалған видеолар таратылады, жарнама белсенді жүргізіледі. Полицияға қарттар да, жастар да жүгінеді.
Жастар, соның ішінде студенттер, интернеттен қосымша табыс іздеп жүріп, жеңіл ақша табуды уәде ететін хабарландыруларға жиі тап болады. Оларға банктік есепшот ашып, ақша түссе, оны әрі қарай аударып отыру ұсынылады. Адамдар өз атына есепшот ашып, деректерін береді.
Өткен жылы үш күннің ішінде бір ғана дроппер арқылы 60 миллион теңгеге дейінгі қаржы айналымы жасалған. Бұл фактіні киберполиция тіркеп, бүгінге дейінгі ең ірі жағдай деп атады.
Ақшаны қайтару жайлы сұраққа Мұхамбеталиев былай деп түсіндірді: мұны тез арада жасау іс жүзінде мүмкін емес. Алдымен ұйымдастырушыларды анықтау қажет, ал олар көбіне Қазақстаннан тыс жерде болады. Жәбірленушілер көбіне азаматтық соттарға жүгінуге мәжбүр. Ал полиция осы уақытта дропперлерді анықтаумен айналысады, өйткені олар Қазақстан азаматтары және оларды табуға болады.
Бірінші схема. Оператордан қоңырау
Алаяқтар қоңырау шалып, SIM-картаның мерзімі аяқталды деп хабарлайды. Содан кейін 1414 нөмірінен келген SMS-тегі кодты айтуды сұрайды. Сонымен қатар ресми хабарламаға ұқсатып жасалған фишингтік SMS-терді жібереді. Кодты алған соң, қылмыскерлер жеке деректерге қол жеткізеді.
Одан кейін Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінен деп қоңырау шалады. Адамға оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтады. Әңгімеге жалған ІІМ немесе ҰҚК қызметкерлері қосылуы мүмкін, кейде бейнеқоңырау арқылы формада шығады. Мұның бәрі әріптесіміз Ринат Балғабаевтың «Қоңырау» атты деректі фильмінде өте әсерлі сипатталған.
Жәбірленушіні қылмыстық жауапкершілікпен қорқытады, әңгіме жайлы жақындарына айтпауға мәжбүрлейді және барлық нұсқауды қатаң орындауды талап етеді. Соның салдарынан адам өзі несие рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударады. Ал іс жүзінде ол шот дропперге тиесілі.
Екінші схема. Жалған инвестициялар мен дипфейктер
Атырау облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы басқармасының аға жедел уәкілі Төлеп Аменовтің айтуынша, соңғы кезде жалған инвестициялық платформалар жиі анықталып жүр. Олар өздерін Binance криптобиржасы сияқты етіп көрсетеді.
Әлеуметтік желілерде және YouTube-та белгілі адамдардың бейнесін қолданған дипфейктер арқылы жарнамалық роликтер тарайды. Мысалы, Димаш Құдайберген, Freedom Finance өкілдері және «Қазатомпром» компаниясының атынан сөйлегендей көрінеді. Бұл видеоларда олар инвестициялық жобаларға ақша салуға шақырады.
Жәбірленушілерге бастапқыда, мысалы, 50 мың теңге салуды ұсынады. Платформадағы жеке кабинетте 100, 200 немесе 500 доллар табыс түскендей көрсетіледі. Осыдан кейін кураторлар адамдарды ірі сомаларға – 1–2 миллион теңгеге дейін инвестиция салуға көндіреді.
Экранда қаржы өсіп жатқандай иллюзия жасалады: екі мың доллар бес мыңға «айналғандай» көрінеді. Бірақ іс жүзінде барлық цифрлар жалған сайттар мен жалған сілтемелер арқылы қолмен енгізіледі. Осындай жағдайлардың бірі 80 миллион теңге жоғалтумен аяқталды, ал бәрі небәрі 50 мың теңгелік алғашқы салымнан басталған еді.
Адам ақшасын шешіп алмақ болғанда, одан комиссия, салық немесе сақтандыру төлеуді талап етеді. Осыдан кейін байланыс үзіледі. Біраз уақыт өткен соң «ақшаны қайтарып беремін» деген заңгер шығады. Бірақ іс жүзінде бұл да жаңа рөлдген енген сол алаяқтар.
Арзан iPhone, жалға берілетін ЖШС және декреттегі әйелдер
Хабарландыруды алмастыру схемасы да кең таралған. Шынайы сатушы iPhone-ды 500 мың теңгеге қояды. Ал алаяқ сол хабарландыруды көшіріп алып, дәл сондай телефонды 250 мың теңгеге шығарады, бірақ тіркелмеген нөмірді көрсетеді. Сатып алушы үнемдеймін деп ойлап, ақшаны сатушыға емес, дропперге аударады. Егер смартфонның ресми бағасы шамамен 1 миллион теңге болса, қылмыскерлер әдейі 500–700 мың теңге деп көрсетіп, адамдарды көбірек тартуға тырысады.
Қаражатты қолма-қол ету үшін алаяқтар жеке кәсіпкерлерді жиі пайдаланады. Көбіне схемаларға декреттегі әйелдер тартылады. Олар бұрын жәрдемақы алу үшін ЖК ашқанымен, іс жүзінде кәсіппен айналыспайды. Оларға «ЖК-ні жалға беру» ұсынылады, салықты өздері төлейміз деп сендіреді. Ақша есепшотқа түсіп, кейін басқа шоттарға аударылады. Ақырында қаржы ондаған есепшот арқылы өтіп, криптовалютаға айналдырылады.
Сарайшық: ондаған дроппер және миллиондаған айналым
Махамбет ауданының Сарайшық ауылында 1996 және 2006 жылы туған екі жас жігіт дроп-схемаларды ұйымдастырған. Олар ауылдастарын банктік есепшот ашуға және карталарын беруге көндірген. Әр карта үшін 50–80 мың теңге сыйақы ұсынған. Кейбіріне тіпті күн сайын 20 мың теңгеден төлеп отырған.
Бұл есепшоттар арқылы 59 миллион теңгеге дейінгі аударым жасалған. Схемаға шамамен 70 адам тартылған. Ресми түрде 15 жәбірленуші арыз берген, әрқайсысы орта есеппен 4–5 миллион теңгеден айырылған. Осы деректер бойынша 40 қылмыстық іс қозғалды, оның 20-сы сотқа жіберілді.
Дроппер деген кім және оларға қандай жауапкершілік жүктеледі
Көптеген алаяқтық топтар Қазақстаннан тыс жерде әрекет етеді, көбіне Украина мен Ресейден. Барлық материалдар ІІМ-ге жолданып, шетелдік әріптестермен бірлесіп тексеріледі.
16 қыркүйектен бастап Қазақстанда дропперлікке қатысты бөлек бап енгізілді. Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Биыл шамамен 10 адам ресми түрде дроппер деп танылды.
Дропперлер – жеңіл табысқа алданып немесе білместікпен өздерінің банктік есепшоттарын алаяқтарға беретін адамдар. Ал егер адам қасақана қылмыскерлерге көмектессе, ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша жауапкершілікке тартылады.
Полицияның айтуынша, ең сақ адам да алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін. Олар кәсіби түрде әрекет етеді, қорқыныш сезімін күшейтіп, бәрін шұғыл орындау керек деген әсер қалдырады.
Алаяқтарға алданбау үшін:
- SMS-кодтарды және ЭЦП-ні үшінші адамдарға бермеңіз;
- Банк немесе құқық қорғау органдарының атынан шалынған қоңырауларға сенбеңіз;
- Ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аудармаңыз;
- Ақша аударумен байланысты онлайн жұмысқа келіспеңіз.
Қысым жасалған сәтте кідіріс жасау, ақпаратты тексеру және сыни ойлау – қорғанудың жалғыз нақты құралдары болып қала береді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -2