
Астаналық Мәдениет комитеті өз шешімімен Атырау қаласындағы тарихи ғимараттарды толық жоюды іс жүзінде мақұлдады.
Еске сала кетейік, 2023 жылы алматылық «Күмбез» ЖШС біздің облыс аумағында орналасқан 48 нысанға тарихи-мәдени сараптама жүргізді, олардың жартысы Атырау қаласында. Негізінен бұл — XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында салынған көпес үйлері, олар қаланың ескі бөлігінде орналасқан. Нәтижесінде 23 ғимарат оң қорытынды алып, тарихи-мәдени мұра нысандарының алдын ала есебіне енгізілді. Оларға жергілікті маңызы бар қала құрылысы және сәулет ескерткіштері мәртебесін беру жоспарланған еді.
Белгіленген рәсімдерге сәйкес, мұндай тізімді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті жанындағы тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі комиссия бекітеді. Алайда бүкіл құжаттар топтамасы комиссияға тек бір жарым жылдан кейін, 2025 жылдың ақпанында түсті. Тағы алты айдан соң, тамызда комиссия күтпеген «үкімін» жариялады.
Атырау облысының тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевтың айтуынша, қаладағы нысандарға қатысты комиссия тек екі ғимаратқа мәртебе беруді мақұлдады. Олар — Балғымбаев көшесіндегі көпес үйі (қазіргі аңшылар мен балықшылар қоғамы) және Темірханов көшесіндегі алғашқы теміржол вокзалының ғимараты
«Алайда қабылданған шешіммен келіспегендіктен, мақұлданбаған кейбір нысандарды комиссия қарауына қайтадан ұсынуды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Әзірге мәдениет саласындағы астаналық шенеуніктердің қандай негізге сүйенгені белгісіз. Дегенмен олардың бұл әрекеті ескі Гурьевтің сәулеттік мұрасына өлім жазасын кескенмен тең болды. Бұл «отарлық өткен заманның мұрасын жоюды» жақтайтындар мен әлеуетті құрылыс компаниялары үшін қуанышты жағдайға айналды
Белгілі болғандай, пандемияға дейін-ақ әкімдік облыс орталығының оң жағалауындағы тұрғын және басқа да құрылыстардың кезең-кезеңімен жаппай сүрілетіні туралы жариялаған еді. «Тазартуға» Жайық өзенінің жағалауынан ескі әуежай ауданына дейінгі аумақ, яғни Құрманғазы, Афанасьев, Исенов және Жарбосынов көшелерінің периметріндегі үлкен аумақ, соның ішінде қаланың бүкіл тарихи бөлігі кірді. Тек ескерткіш мәртебесі бар жеті көне ғимарат қана сақталып қалды. Бас жоспарға сәйкес, бұл сүру жұмыстары 2030 жылы аяқталуы тиіс.

Лев ГУЗИКОВ
Автор мұрағатынан алынған суреттер
В Атырау -1