
Отандық өнеркәсіпті ынталандыру аясында QazIndustry кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге бағытталған шығындарын өтеуді жалғастыруда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мақұлданған өтінімдердің жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеден асты. Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Бизнесті ынталандыру дирекциясы хабарлады.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша отандық кәсіпорындарға 1,4 млрд теңгеден астам сомаға шығындарының бір бөлігі өтелді. Мемлекеттік қолдауға 60 кәсіпорын ие болды», - делінген хабарламада.
Қаражаттың негізгі бөлігі еңбек өнімділігін арттыруға байланысты шығындарды өтеуге бағытталған. Бұл технологиялық процестерді жетілдіру, өндірісті жаңғырту және цифрландыру, технологиялық жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ персоналды оқыту және қызметкерлердің құзыретін арттыру.
Осы бағыт бойынша ең көп өтінімдер Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарының өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарынан түскен. Салалық тұрғыда бұл – машина жасау, металлургия, АӨК, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар.
Бұдан басқа, QazIndustry компаниялардың өнімді ішкі нарыққа ілгерлетуге жұмсаған шығындарын өтейді. Екінші бағыт аясында кәсіпорындар сертификаттау, зертханалық сынақтар және аудит шығындарын өтей алады, ал аяқ киім өндірушілеріне таңбалау шығындары (жабдықтар, баспа қызметтері) өтеледі.
Айта кетейік, QazIndustry еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерлетуге жұмсалған шығындарды өтеу бойынша ұлттық оператор болып табылады. Биыл бизнесті мемлекеттік ынталандыру шараларының қағидаларына өзгерістер енгізілді. Қазақстанда алғаш рет кәсіпорындардың тауарларды ел ішінде теміржол арқылы жеткізуге кеткен шығындарының 50%-ы өтеледі, сондай-ақ халықаралық сертификаттау шығындарын өтеу мөлшері бес есе көбейтілді (15 мың АЕК дейін).
Сонымен қатар, салық динамикасы бойынша шарттар жеңілдетілді. Тіркелген сәттен бастап салықтардың өсу талаптарынан босату мерзімі үш жылдан жеті жылға дейін ұзарды. Мұндай шара кәсіпорындарға шығындарды өтеу құқығын сақтай отырып, толық қуатқа шығуға қосымша уақыт береді.
В Атырау -1