
Атырау қаласының Алмалы және Береке ауылдарында әрқайсысы 25 орындық жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Шәкір Кейкін мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Жаңа нысандар алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге бағытталған. Мұнда терапиялық қабылдау, жалпы практика дәрігерінің қызметі, профилактикалық тексерулер, жүкті әйелдер мен балаларды бақылау, вакцинация және жедел жағдайларда алғашқы көмек қарастырылған. Амбулаториялар заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылып, зертханалық тексерулер жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін ескі ғимараттарда қиындықтар болғанын айтқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы енді ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар Құрманғазы ауданына қарасты Афанасьев бекетінде жаңа медициналық пункт ашылды.
Білім беру саласында да маңызды жаңалық бар. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Атырау қаласындағы Жұлдыз-3 ықшамауданы мен Ақсай-2 елдімекенінде 900 орындық екі жаңа мектеп ашылды. Үш қабатты нысандарда 36 оқу кабинеті, кітапхана, мәжіліс залы, асхана, екі спорт залы, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері және коворкинг аймақтары бар. Мектеп аумағында футбол, волейбол, баскетбол және теннис алаңдары, демалыс орындары мен бастауыш сынып оқушыларына арналған ойын алаңы салынған. Қазір бұл мектептерде 700-ге жуық оқушы білім алып, 60-тан астам педагог қызмет атқаруда.
Жаңа амбулаториялар мен мектептердің ашылуы – ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту және білім сапасын теңестіру бағытындағы маңызды қадам. Бұл жобалар халықтың өмір сапасын жақсартуға және қолжетімді әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
В Атырау -6 






